Ерекше балаларға арналған шаттық

0 0

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай еліміздің барлық өңірлерінде балаларға арналған түрлі мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылып, бүлдіршіндерге ерекше көңіл бөлінуде. Бұл күн – балалардың құқықтарын қорғауға, олардың жарқын болашағы мен бақытты балалық шағын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды мереке. Әсіресе ерекше күтімді қажет ететін балаларға қоғам тарапынан көрсетілетін қамқорлық пен қолдау олардың өмірге деген құштарлығын арттырып, көңілдеріне қуаныш сыйлайды.

Осыған орай Байзақ аудандық емхананың Алдын алу бөлімінің ұйымдастыруымен және «Amanat» партиясының қолдауымен ерекше балаларға арналған мерекелік іс-шара өтті. Балаларға шаттық сыйлауды мақсат еткен мерекеге ерекше бүлдіршіндер мен олардың ата-аналары қатысып, көтеріңкі көңіл-күйге бөленді.

Мерекелік жиын барысында аудандық емхананың Алдын алу және әлеуметтік-психологиялық көмек көрсету бөлімінің меңгерушісі Жәудір Мырзаева сөз сөйлеп, балалар мен олардың ата-аналарын мерекемен құттықтады. Ол өз сөзінде балалардың амандығы мен бақыты – қоғамның басты байлығы екенін атап өтті.

– Балалардың шат күлкісі мен жарқын армандары – еліміздің ертеңі. Әрбір бала махаббат пен қамқорлыққа лайық. Сондықтан олардың жан-жақты дамуына жағдай жасау – баршамыздың ортақ міндетіміз, – деді ол.

Іс-шара барысында психолог мамандар балалармен арнайы бағдарламалар бойынша жұмыс жүргізді. Соның ішінде арт-терапия әдісі арқылы ұйымдастырылған «Қолтаңба» атты шығармашылық ойын балалардың ерекше қызығушылығын тудырды. Түрлі-түсті қаламдар арқылы өз қиялдарын қағаз бетіне түсірген бүлдіршіндер шығармашылық қабілеттерін шыңдап қана қоймай, бір-бірімен еркін араласып, жағымды эмоцияларға бөленді.

Мерекенің көркін балалардың өнері одан әрі аша түсті. Кішкентай қатысушылар ән айтып, тақпақ оқып, өздерінің таланттарын көпшілік назарына ұсынды. Әсіресе Мирас Әбубәкірдің орындауындағы ән көрермендердің ерекше ықыласына бөленіп, қатысушылардың ыстық қошеметіне ие болды. Балалардың сахнадағы еркіндігі мен өнерге деген қызығушылығы ата-аналар мен қонақтардың жүрегінен орын алды.

Сонымен қатар мереке барысында көңілді әуендер шырқалып, балалар би билеп, түрлі ойындарға қатысты. Ұйымдастырушылар дайындаған сыйлықтар мен тәттілер балалардың қуанышын еселей түсті. Әрбір балаға мерекелік тартулар табысталып, олардың жүздерінен шынайы қуаныш сезімі байқалды.

Іс-шара соңында ата-аналар атынан сөз алған Балжан Асқарова ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, ерекше балаларға көрсетілген қамқорлықтың маңыздылығын атап өтті.

– Балаларымыздың қуанып, достарымен бірге уақыт өткізуі біз үшін үлкен бақыт. Осындай игі іс-шараларды ұйымдастырып жүрген барша азаматтарға ризашылығымыз шексіз, – деді ол.

Осындай тәрбиелік әрі танымдық мәні зор іс-шаралар ерекше балалардың қоғамға бейімделуіне, олардың шығармашылық және әлеуметтік белсенділігін арттыруға үлкен мүмкіндік береді. Ең бастысы – балаларға қуаныш сыйлап, олардың қоғамдағы орны ерекше екенін сезіндіреді.

Шынында да, әрбір баланың бақытты балалық шағы – ел болашағының берік негізі. Сондықтан балаларға деген қамқорлық пен мейірім ешқашан толастамауы тиіс.