Жанардан емес, жүректен туған жарық

0 1

Облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының ұйымдастыруымен өткен «Жүрек көзімен көретін ана» атты инклюзивті байқауға көз жанары әлсіз болса да баласының бақыты үшін өнерді де, білімді де меңгеріп, істе шеберлік танытатын нағыз батыр аналар қатысты. Бұл байқау көру қабілеті шектеулі аналардың қоғамдағы орнын айқындап, олардың өмірге деген құштарлығын, шығармашылық қабілеттерін және аналық мейірімін көпшілікке танытуды мақсат етті.

Ізгілікке негізделген іс-шара Шерхан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығында өтіп, ерекше жандарға құрмет пен қолдау көрсетілді. Төрт кезеңде аналардың шеберлігін, алғырлығын, іскерлігін сынға салған инклюзивті байқау қатысушылардың өнерін, тапқырлығын, өмірлік ұстанымдарын айқын көрсетіп, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Алғашқы «Мен – бақытты анамын» кезеңінде қатысушылар өздерін таныстырып, отбасы, ана бақыты және өмірлік көзқарастары жайлы жүрекжарды әңгімелерімен бөлісті.

«Ананың қолы бәрін еске алады» атты тактильді кезеңде аналар сипап сезу арқылы түрлі заттарды анықтап, сезімталдық пен зеректіктерін көрсетті. Ал «Өнермен өрілген өмір» бөлімінде ән айтып, өлең оқып, шығармашылық қырларын танытты. Соңғы «Сипап айтылған бесік жыры» кезеңінде ұлттық нақыштағы бесік жырларын орындап, ана жүрегінің мейірімі мен қазақы тәрбиенің құндылығын дәріптеді. Байқауға қатысқан аналардың әрқайсысы өмірге деген жігерімен, өнерімен және төзімділігімен көпшілікке үлгі болды. Қатысушылар – Байзақ, Меркі, Жамбыл аудандарынан және Тараз қаласынан келген кітапхана оқырмандары.

– Байқауға қатысушылардың өнерін қазылар алқасының құрамында тамашаладым. Көру қабілеті төмен аналардың өмірге деген құштарлығы, шығармашылық қабілеттері және аналық мейірімі көпшілікті тәнті етті деп ойлаймын. Ерекше әсер алдым. Себебі әрбір қатысушы тек бір отбасының тірегі ғана емес, талпыныстары жоғары екені айқын аңғарылды. Бірі – қолөнерге шебер болса, енді бірі шығармашыл жан, келесісі жаны нәзік ақын екен. Қысқасы, қатысушы аналар бірінен бірі асып түседі. Сол себепті орынға бөлмей, әрбірінің өзіндік қабілеттеріне қарай түрлі номинациямен марапаттадық. Жан-жақтылығымен өзара сынға түскен аналар отбасындағы бақытты ұйыта білу қасиеттерімен, өмірлік ұстанымдарымен бөлісіп отырды. Олардың қос жанарының көру қабілеті әлсіз болғанымен жүрек көздерінің ұшқыр екенін байқаудың түрлі кезеңдерінде сезініп, көріп отырдық. Әсіресе «Өнермен өрілген өмір» кезеңінде тек ән айтып, билеп қана қоймай, әрқайсысы әртүрлі шығармашылық қырларын ұсынды. Байқаудың ең негізгі кезеңіндегі жүрек тебірентетін сәт – аналардың бесік жырын айтуы болды. Сәбиді құндақтап, ақ бесікке бөлей отырып, түрлі дәндер салынған бірне е құтыларды сылдырмақ ретінде қолданып, солардан шыққан дыбыстың әуенімен бесік жырын айтты. Әсіресе меркілік ана Камила Төлебаева нәзік те әуезді дауысымен аналық мейірімді аңғартты. Байқау қорытындысында «Ең сезімтал ана» аталымымен Тараз қаласынан қатысқан І топтағы көз мүгедегі Қолқанат Оңғарбаеваны марапаттадық. «Ең өнерлі ана» номинациясын байзақтық ІІ топтағы көз мүгедегі Қарлыға Тайшыбековаға бердік, ол кісі жасы жетпісті алқымдап қалса да, бос уақытында моншақтан түрлі бұйымдар жасайды, тоқымамен айналысады екен. Жамбыл ауданынан келген Құралай Шөпшекованы «Ең шебер ана» деп танып, «Көрермен көзайымы» номинациясына меркілік І топтағы көз мүгедегі Камила Төлебаеваны лайық деп таптық. Барлық қатысушы аналарға дипломдар мен естелік сыйлықтар берілді, – дейді Шерхан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығының аға ғылыми қызметкері Фарида Метерқұлова.