Ақтөбеде жаңа экосаябақ ашылады

0 3

Ақтөбеде тұрғындардың табиғат аясында демалуына арналған жаңа экосаябақ салынып жатыр. «Садовое» тұрғын алабы маңындағы 8 гектар аумақты абаттандыру жұмыстары республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында жүзеге асуда.

Жобаға сәйкес аумақтағы табиғи ландшафт пен қолданыстағы ағаштар барынша сақталады. Қазір аумақты тазалау және қоқыстан арылту жұмыстары аяқталған. Мердігер «Бақыт Құрылыс ЛТД» ЖШС жаяу жүргіншілер жолдарын, кіреберіс бөлікті және демалыс орындарын ұйымдастыру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жобаны 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Өңір басшысы Асхат Шахаров экосаябақтың табиғи келбетін сақтаудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, жаңа қоғамдық кеңістік тұрғындарға серуендеп, спортпен айналысып, отбасымен уақыт өткізуге қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруы қажет.

Саябақта балалар алаңы, воркаут аймағы, сәкілер, демалыс орындары, барбекю және от жағуға арналған арнайы орындар қарастырылады. Сонымен қатар лаунж-аймақтар мен ағаш пен табиғи тастан жасалған арт-нысандар орналастырылады.

Жобаның ерекшелігі – абаттандыру кезінде табиғи материалдарға басымдық берілуі. Асфальт пен тротуарлық плитаның орнына ағаш төсемдер, табиғи тас және өзен малтатасы пайдаланылмақ.

Жұмыстар толық аяқталғаннан кейін «Садовое» тұрғын алабы маңындағы аумақ қала тұрғындарының табиғатпен тынығып, бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік беретін жаңа қоғамдық кеңістікке айналмақ.