«CarGoRuqsat» мемлекеттік шекарадан өту процесінің ашықтығын қамтамасыз етеді

0 4

Елімізде 2029 жылға қарай автокөлік өткізу пункттерінде «жасыл дәлізді» толық енгізу бағытында цифрландыру жүргізілуде. Бұл шаралар шекарадан өту уақытын қысқартып, жүк пен жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын жақсартады және транзиттік әлеуетті күшейтеді. Қазіргі таңда Smart Cargo бірыңғай платформасы іске қосылды, автоматты тексеру, онлайн-бақылау, және құжаттарды толық электронды форматқа көшіру жұмыстары жүргізілуде. Ендігі кезекте жүк автокөлік құралдарымен мемлекеттік шекарадан өту күні мен уақытын алдын ала брондауға арналған CarGoRuqsat автоматтандырылған электрондық кезек жүйесі енгізілді. Оның тиімділігі мен мүмкіндіктерін сөз ету мақсатында Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі қосылған құн салығын (ҚҚС) әкімшілендіру басқармасының басшысы Абылай Молдабековпен сұқбаттасқан едік.

Абылай Капарұлы, бүгінгі күні көлік саласының цифрландыруда үлкен жобалар жүзеге асырылуда. Сондай-ақ еліміздегі автомобилдік өткізу пункттерінде цифрлық инфрақұрылым белсенді дамып келеді. Бұл цифрландырудың негізгі құралдарының бірі болып жүк автокөлік құралдарымен мемлекеттік шекарадан өту күні мен уақытын алдын ала брондауға арналған CarGoRuqsat автоматтандырылған электрондық кезек жүйесі болды. Осы жүйе қашан қабылданды, қалай жүзеге асырылуда, осы туралы кеңірек айтып өтсеңіз?

– CarGoRuqsat жүйесінің басты мақсаты – мемлекеттік шекарадан өту процесін неғұрлым ұйымдасқан және ашық етіп көрсету. Жүйе алғаш рет пилоттық режимде 2022 жылдың қараша айында «Достық авто» автомобилдік өткізу пунктінде іске қосылды. Алдағы уақытта жоба Қазақстанның басқа өткізу пункттеріне кезең-кезеңімен тарала бастады. Жүйені әзірлеуші Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Ақпараттық-есепке алу орталығы» АҚ болып табылады.

Жүйенің жұмысы Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрінің 2023 жылғы 27 маусымдағы № 707 «Автомобиль көлігі құралдарын, жүктер мен тауарларды Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы, оның ішінде ақылы негізде электрондық кезек жүйесін пайдалана отырып өткізу қағидаларын бекіту туралы» және 2023 жылғы 25 мамырдағы № 538 «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы автомобиль көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды өткізу, сондай-ақ оларды электрондық кезек бойынша өтуі үшін төлемақы мөлшерлерін айқындау туралы» бұйрықтарына сәйкес жүзеге асырылуда. Жүйенің негізгі міндеті жоғарыда айтқанымдай мемлекеттік шекарадан өту процесін неғұрлым ұйымдасқан және ашық етіп көрсету. Электрондық кезек тасымалдаушыға өткізу пунктін, шекарадан өту күні мен уақытын алдын ала таңдауға, сондай-ақ жүргізуші мен көлік құралы туралы мәліметтерді енгізуге мүмкіндік береді.

Жүйені пайдалану өткізу пункттері алдында жүк автокөліктерінің жиналуын азайтуға және адам факторының әсерін азайтуға ықпал етеді. CarGoRuqsat мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграцияланған, соның арқасында бақылау рәсімдерінің бір бөлігі автоматтандырылған.

– Бұл электрондық кезек қалай жұмыс істейді?

– Жүйеде кезекті брондау жүк автомобиль көлік құралдарына, оның ішінде тіркемелермен, ершікті тартқыштармен, олардың иелерімен немесе жүргізушілерімен электрондық кезек жүйесінің тіркеушісі ерікті негізде пайдаланушы келісімін жасасқан жағдайда жүзеге асырылады.

Жеңіл автомобилдер мен автобустарға CarGoRuqsat электрондық кезек жүйесінде кезекті брондау талап етілмейді. CarGoRuqsat пайдалану үшін, тасымалдаушы CarGoRuqsat – QOLDAU ресми порталы арқылы жүйеге тіркеліп, қажетті автокөлік өткізу пунктін таңдап, қолжетімді уақытты брондау қажет. Деректер толтырылғаннан кейін өтінім жүйемен өңделеді.

Көлік құралының өткізу пунктіне не күту аймағына келу қажеттілігі туралы ақпарат пайдаланушының электрондық жеке жүйесіндегі жеке кабинетінде (бұдан әрі – жеке кабинет) жүйеде брондау күні мен уақытына дейін кемінде 24 сағат бұрын көрсетіледі. Кіру уақытының жақындауы туралы ақпарат Жеке кабинетте көрсетіледі, ал пайдаланушыға push – немесе SMS-хабарламалар жіберілуі мүмкін. Келген автомобиль белгіленген электрондық кезектілікке сәйкес өткізу пунктіне өтеді. Егер көлік белгіленген күні келмесе, брондау автоматты түрде жойылады.

 Жүйенің қандай негізгі ерекшеліктері бар?

– Жаңа жүйенің артықшылығы мен ерекшеліктері көп. жүйеде онлайн брондау, ашықтық, интеграция және ақылы қызмет түрлері қарастырылған. Онлайн брондау: веб-сайт немесе мобильдік қосымша арқылы өткізу пунктін, күнін және нақты уақытын таңдау. Ашықтық: шекаралық өткелдерде тірі кезектер мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау. Интеграция: мемлекеттік органдар базалары бойынша көлік туралы құжаттар мен деректерді автоматты түрде тексеру. Ақылы қызмет: кезекті ресімдеу және брондау үшін 1 АЕК мөлшерінде белгіленген мемлекеттік алым алынады. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы жүк автомобильдерін, оның ішінде тіркемелері бар, ершікті тартқыштарды өткізу үшін жеделдетілген тәртіппен 100 АЕК мөлшерінде белгіленген мемлекеттік алым алынады.

Көлік құралдарының, жүктер мен тауарлардың мынадай санаттарына қатысты:

  • «Пошта туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес айқындалған тағайындалған пошта операторы – брондаудың болжамды күніне дейін күнтізбелік 10 (он) күннен кешіктірмей көлік құралдарының тізімін МКО-ға алдын ала жолдаған жағдайда;
  • жануарлар, тез бүлінетін, қауіпті жүктер, сондай-ақ Қазақстан экспорттық жүктері – Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Кодексіне сәйкес, Еуразиялық экономикалық комиссияның шешімдерімен бекітілген нысандар бойынша ресімделген тауарларға арналған декларация немесе транзиттік декларация болған жағдайда;
  • гуманитарлық, әскери жүктер, сондай-ақ шет мемлекеттің үкіметінен дипломатиялық арна арқылы ресми өтініш бойынша – мемлекеттік органдар көлік құралдарының тізімін брондаудың болжамды күніне дейін күнтізбелік 10 (он) күннен кешіктірмей МКО-ға алдын ала жолдаған жағдайда электрондық кезек жүйесінде көлік құралдарының өткізу пунктіне кіруін тіркеу кезектен тыс тәртіппен жүзеге асырылады.

Пайдаланушының кінәсі бойынша туындаған өткізу қызметін орындау мүмкін болмаған кезде (көлік құралының күту аймағына кіру күні мен уақытын брондағаннан кейін пайдаланушы өткізу қызметінен бас тартуы, электрондық кезек жүйесінде көлік құралының бронды алып тастау, сондай-ақ жүйеде белгіленген күту аймағынан көлік құралының уақытылы кетпеуі және/немесе көлік құралының күту аймағынан өткізу пунктіне уақытылы келмеуі кезінде), өткізу қызметі толық көлемде төленуге тиіс, ал пайдаланушы төлеген ақша қаражаты қайтарылуға жатпайды.

Бұрын брондалған кезекті электрондық кезек жүйесінде басқа күнге және Мемлекеттік шекараны кесіп өту уақытын 1 (бір) рет ауыстыру жүйені пайдалана отырып, Мемлекеттік шекара арқылы автомобиль көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды өткізу қайта ақы төлемей жүргізіледі

Сонымен, электрондық кезек дәстүрлі күтуді алдын-ала белгіленген өту уақытымен алмастырады. Бұл тасымалдаушыларға жүктерді жеткізу маршруттары мен уақытын дәлірек жоспарлауға мүмкіндік береді.

– Бүгінгі күні жүйе қалай дамуда? Сондай-ақ Жамбыл облысында бұл жүйе қашаннан бері жұмыс істеуде? Оның артықшылығына да тоқтала кетсеңіз.

– 2023-2025 жылдары CarGoRuqsat Қытаймен, Ресеймен, Өзбекстанмен және Түрікменстанмен шекараларды қоса алғанда, Қазақстанның мемлекеттік шекарасының әртүрлі бағыттарында дәйекті түрде енгізілді. 2025 жылдан бастап жоба Қазақстан-Қырғыз бағытында кезең-кезеңімен енгізіле бастады.

Жамбыл облысында CarGoRuqsat электрондық кезек жүйесі келесі автомобилдік өткізу пункттерінде «Аухатты» АӨП – 2025 жылғы 12 мамырдан, «Сыпатай батыр» АӨП – 2025 жылғы 16 мамырдан, «Айша бибі» АӨП – 2025 жылғы 23 мамырдан, «Қарасу» АӨП – 2025 жылғы 20 қазаннан, «Қордай» АӨП – 2026 жылғы 16 ақпаннан бастап енгізілді.

Ал жыл басынан бері (01.08.2026 ж. жағдайы бойынша) CarGoRugsat электрондық кезек жүйесі бойынша 131 824 АКҚ өтті, оның ішінде «Қарасу» – 85 628 АКҚ, «Сыпатай батыр» – 20 277 АКҚ, «Айша бибі» – 15 902 АКҚ, «Аухатты» – 5 289 АКҚ, «Қордай» – 4 728 АКҚ.

Көрсеткіштер жүйенің тасымалдаушылар арасында жоғары сұранысқа ие екендігін және оның тиімділігін көрсетеді. Сонымен қатар, Қазақстан ауқымында миллионнан астам жүк көлігі жүйені пайдаланды, бұл шекаралық инфрақұрылымды цифрландырудың табыстылығын растайды.

Жүйені дамытудың маңызды кезеңі бір көлік құралымен кезекті бірнеше рет брондауға кедергі келтіретін қосымша тетіктерді енгізу болды. 2025 жылдың 3 сәуірінен бастап брондау кезінде жүйе автомобильдің VIN кодын тексереді. Егер көлік құралында белсенді брондау болса, жаңасын алдыңғысы жойылғанға дейін рәсімдеу мүмкін емес. Мұндай шара тасымалдаушылар арасында кезекті әділ бөлуге және жүйені теріс пайдаланудың алдын алуға бағытталған.

 Тасымалдаушылар үшін CarGoRuqsat-тың мәні қандай?

– Көлік компаниялары үшін электрондық кезек халықаралық тасымалдарды жоспарлаудың маңызды құралы болып табылады. Өткізу пунктіне келу уақытын алдын-ала анықтау мүмкіндігі, маршрутты, жүргізушілердің жұмысын және жүктерді жеткізу мерзімін тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді.

Мемлекет үшін жүйенің мәні маңызды. Процестерді автоматтандыру шекарадан өтудің ашықтығын арттыруға, кептелістерді азайтуға ықпал етеді және мемлекеттік органдарға көлік ағындарын тиімдірек басқаруға мүмкіндік береді.

CarGoRuqsat Қазақстанның көлік және кеден инфрақұрылымын цифрландырудың практикалық нәтижелерінің бірі болып табылады. Жүйе шекарадағы кезекті ұйымдастыруды негізінен қол форматынан автоматтандырылған цифрлық процеске ауыстырады.

Автомобилдік өткізу пункттерінде CarGoRuqsat-ты одан әрі кеңейту жүк ағындарын басқарудың заманауи жүйесін қалыптастыруға ықпал етеді. Тасымалдаушылар үшін бұл шекарадан өтуді алдын ала жоспарлау мүмкіндігін, ал мемлекет үшін өткізу пункттерінің жұмысын неғұрлым ашық және басқарылатын ұйымдастыруды білдіреді.

Әңгімеңізге рақмет.