Қостанай қаласындағы «Астана» шағын ауданында заманауи спорт кешенінің құрылысы жалғасуда. Жалпы аумағы 20,4 мың шаршы метр болатын жаңа нысан өңірдегі ең ірі Спорт сарайы болмақ. Құрылыс барысымен танысқан облыс әкімі Құмар Ақсақалов нысанның жүзеге асырылу барысын қарап, оның спортты дамытудағы маңызын атап өтті.
Жаңа кешен кәсіби спортшыларға да, дене шынықтырумен айналысқысы келетін тұрғындарға да кең мүмкіндік ұсынбақ. Жобада 3 мың көрерменге арналған бас арена қарастырылған. Бұдан бөлек, бокс пен күреске арналған арнайы залдар, гимнастика алаңы, тренажер залдары және скалодром жабдықталады. Мұндай инфрақұрылым түрлі спорт түрлерін бір жерде дамытуға, жарыстар мен оқу-жаттығу жиындарын өткізуге жағдай жасайды.
Өңір басшысының айтуынша, соңғы үш жарым жылда облыста 30-дан астам спорт нысаны салынған. Қазір де бірқатар қалада жаңа кешендердің құрылысы жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, Қостанайда үстел теннисі орталығы, көпфункционалды стадион, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешені және Жекпе-жек сарайы бой көтеруде. Ал Арқалық қаласында жабық хоккей корты мен көпфункционалды спорт кешені салынып жатыр.
Бұл жобалар өңірдегі спорт инфрақұрылымын кеңейтіп қана қоймай, тұрғындардың белсенді өмір салтын ұстануына және жастардың спортқа қызығушылығын арттыруға бағытталған. Әсіресе заманауи жабдықтармен қамтылған әмбебап нысандардың көбеюі балалар мен жасөспірімдердің спорт секцияларына қатысуына, болашақ чемпиондардың даярлығын жетілдіруге мүмкіндік береді.