Қызылорда облысында күріш өндірісін дамыту мен ауылшаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге басымдық беріліп келеді. Соның бір айғағы – «Абзал и К» серіктестігінің толық автоматтандырылған күріш өңдеу зауытының іске қосылуы. Заманауи кәсіпорын өңірдегі өңдеу өнеркәсібін жаңа технологиялармен толықтырып қана қоймай, жергілікті жерде өндірілген өнімнің қосымша құнын арттыруға мүмкіндік беріп отыр.
Жаңа өндіріс орнына 1 млрд теңге инвестиция салынған. Кәсіпорынның технологиялық желісі толық автоматтандырылып, өндірістік қуаты бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 2,5 есеге артқан. Бүгінде зауыт бір сағатта 12 тоннаға дейін күріш өңдей алады. Өндіріс барысындағы қалдық көлемінің 3-4 пайызға дейін төмендеуі де жаңа технологияның тиімділігін аңғартады.
Кәсіпорынның ерекшелігі – мұнда күрішті өсіру мен өңдеу бір өндірістік тізбекке біріктірілген. Компания Сырдария ауданында шамамен 3 мың гектар жерге күріш егіп, жиналған өнімді өз зауытында өңдейді. Нәтижесінде шаруашылықтан алынған шикізат дайын өнімге айналып, ақталған күріш және басқа да өнім түрінде тұтынушыға ұсынылады.
Жаңа зауыттағы өндірістік процестердің барлығы цифрлық технологияға негізделген. Күрішті қабылдаудан бастап, оны тазалау, өңдеу, сұрыптау және дайын өнімге айналдыруға дейінгі технологиялық кезеңдер автоматтандырылған жүйемен басқарылады. Өнімнің сапасы да онлайн режимде бақыланады. Бұл адам факторын азайтып, өндіріс тұрақтылығын қамтамасыз етуге және өнім сапасына қойылатын талаптарды сақтауға мүмкіндік береді.
Кәсіпорында экологиялық бағытқа да назар аударылған. Өндіріс қажеттілігін өтеу мақсатында күн электр станциясы іске қосылып, «жасыл» технология элементтері енгізілген. Бұл энергияны тиімді пайдалануға және өндірістің қоршаған ортаға түсіретін салмағын азайтуға бағытталған.
Өндірілген өнімнің өткізу нарығы да кеңейіп келеді. Бүгінде кәсіпорын күрішінің шамамен 50 пайызы ішкі нарыққа жөнелтіледі. Қалған бөлігі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдеріне, сондай-ақ Моңғолия мен Иракқа экспортталады. Бұл – Сыр өңірінде өндірілетін күріштің сыртқы нарықтағы сұранысының бар екенін көрсететін көрсеткіш.
Мұндай өндіріс орындарының көбеюі ауылшаруашылығы үшін де маңызды. Өйткені өнімді тек шикізат күйінде өткізуге қарағанда, оны жергілікті жерде өңдеп, дайын тауар ретінде нарыққа шығару экономикалық тұрғыдан тиімді. Бұл ауылшаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібінің байланысын күшейтіп, өнімнің қосылған құнын арттырады. Сонымен бірге отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін күшейтіп, экспорт көлемін ұлғайтуға жол ашады.
Қызылорда облысы үшін күріш шаруашылығы – ауылшаруашылығының негізгі бағыттарының бірі. Биыл өңірде ауылшаруашылығы дақылдары 193,7 мың гектар алқапқа орналастырылды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында күріш алқабы өткен жылмен салыстырғанда 10,9 мың гектарға қысқарып, 70,1 мың гектарды құрады.
Қазір аймақтағы күріш алқаптарында егіннің пісу барысы әртүрлі кезеңде жүріп жатыр. 2,9 мың гектардағы күріш гүлдеу кезеңінде болса, 14,3 мың гектар сүтті пісу, 52,8 мың гектар балауыз пісу кезеңіне жеткен. Жалпы 65,2 мың гектар немесе күріш алқабының 93 пайызының суы байланған.
Егіс науқанының жалғасы саналатын орақ жұмыстары да аймақта қарқын алып келеді. Диқандар үшін бұл – бір жылдық еңбектің қорытындысы шығарылатын жауапты кезең. Ал алынған өнімнің көлемі мен сапасы ғана емес, оны тиімді өңдеп, нарыққа шығару мәселесі де маңызды.
Қызылорда облысы еліміздегі күріш өндірісінің негізгі орталығы саналады. Қазақстанда өндірілетін күріштің шамамен 90 пайызы Сыр өңірінің еншісінде. Оның 35-40 пайызы шетел нарығына экспортталады.
Осы тұрғыдан алғанда, «Абзал и К» серіктестігінің жаңа зауыты – өңірдегі күріш өндірісінің тек көлемін арттыруға емес, оның сапалық деңгейін көтеруге бағытталған жобалардың бірі. Заманауи технологияның енгізілуі өндірістің тиімділігін арттырып, шығынды азайтуға және өнім сапасын тұрақты бақылауға мүмкіндік береді.
Сыр бойында өсірілген күріштің дайын өнім ретінде қайта өңделіп, ішкі нарықпен қатар шетелге шығарылуы – өңірдегі агроөнеркәсіптік кешеннің әлеуетін көрсетеді. Ендігі міндет – егістіктен алынған өнімді барынша терең өңдеп, оның экспорттық құнын арттыру. Бұл бағыттағы жаңа жобалар Қызылорда облысының ауылшаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібін қатар дамытуға мүмкіндік беретін маңызды тетікке айналмақ.