Қостанай облысында экономикалық өсімді сақтап, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Өңірдің 2026 жылдың алғашқы тоғыз айындағы әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері мен жыл соңына дейінгі жоспарлар әкімдік отырысында қаралды. Жиында облыс әкімі Құмар Ақсақалов өндірісті кеңейту, инвестициялық жобаларды іске асыру және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне тоқталды.
Өңір экономикасының маңызды тіректерінің бірі – өңдеу өнеркәсібі. Оның облыстық өнеркәсіп құрылымындағы үлесі 73 пайызға жеткен. Осы саланың дамуын жеделдету мақсатында Қостанай қаласындағы индустриялық аймақтың аумағын 400 гектардан 587 гектарға дейін ұлғайту туралы шешім қабылданды. Бұл жаңа өндірістерді орналастыруға, инвесторларды тартуға және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың қуатын арттыруға мүмкіндік береді.
Ауыл шаруашылығы да өңір экономикасының негізгі бағыттарының бірі болып қала береді. Биыл саладағы өсім 11,4 пайызды құрады. Агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға бөлінетін қаражат көлемі де артқан: 2025 жылы 207 млрд теңге бағытталса, биыл бұл сома 326 млрд теңгеге жетті. Қаржыландыру шаруашылықтардың техника, тұқым, тыңайтқыш және қажетті жабдықтар сатып алуына жағдай жасап, өндірістік жұмыстарды уақытылы ұйымдастыруға мүмкіндік берді.
Мал шаруашылығын дамыту аясында облыста 16 тауарлы сүт фермасының құрылысы жоспарланған. Қазіргі уақытта олардың сегізі іске қосылып, бесеуінің құрылысы жалғасуда. Қалған үш нысанның құрылысын жыл соңына дейін бастау көзделген. Сонымен қатар мал басын көбейтуге және асыл тұқымды ірі қара сатып алуға бағытталған «Игілік», «Береке» және «Жайлау» бағдарламаларына 35 млрд теңге бөлінді. Шаруашылықтарға несие беру кезінде кепілдік мәселесін жеңілдету үшін «Даму» қоры арқылы қарыз сомасының 85 пайызына дейін кепілдік беру тетігі қарастырылған.
Дегенмен, мемлекеттік қолдау мүмкіндіктерін пайдалану белсенділігі барлық ауданда бірдей емес. Облыс әкімінің мәліметінше, «Тобыл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден сегіз өтінім түскен. Он шаруашылық етті және сүтті бағыттағы 5 150 бас ірі қара сатып алуға келісімшарт жасасқан. Оның ішінде 2 540 бас малды Австралиядан әкелу жоспарланып отыр. Ал Жангелдин ауданы шаруашылықтарының аталған бағдарламаларға қатыспауы қосымша назар аударуды қажет етеді.
Әлеуметтік салада да ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта облыста 80 көпқабатты тұрғын үй салынып жатыр. Жыл соңына дейін 520 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Бұған қоса, соңғы үш жылда тұрғындарға 1 700 әлеуметтік пәтер берілсе, биыл тағы 1 336 пәтер бөлу көзделген.
Өңірде жалпы саны 21 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізілуде. Олардың қатарында Қостанайдағы теннис орталығы, көпфункционалды стадион, спорт сарайы және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған сауықтыру кешені, сондай-ақ Арқалықтағы спорт нысандары бар.
Жиынды қорытындылаған Құмар Ақсақалов жыл соңына дейін белгіленген көрсеткіштерге қол жеткізу үшін мемлекеттік органдар мен жергілікті әкімдіктердің үйлесімді жұмыс істеуі керектігін атап өтті. Негізгі міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз етіп қана қоймай, оның нәтижесін өндірістің дамуы, жаңа жұмыс орындары және халықтың тұрмыс сапасының жақсаруы арқылы көрсету.