Орталық зейнеткерлерге белсенді өмір сыйлауда

0 1

Абай ауданында аға буын өкілдерінің бос уақытын тиімді өткізіп, денсаулығын нығайтып, жаңа білім мен дағдыларды меңгеруіне мүмкіндік беретін Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жұмыс істейді. Мұнда зейнет жасындағы азаматтар спортпен шұғылданып, шығармашылықпен айналысып, қазақ тілін және заманауи технологияларды үйрене алады.

Жақында орталық жаңа ғимаратқа көшті. Қазір ол бассейн орналасқан нысанның екінші қабатында орналасқан. Бүгінде орталыққа күн сайын шамамен 100 адам келеді. Келушілер арасында шахмат ойнауға, қолөнерге, дене жаттығуларына және тіл үйренуге қызығушылық танытқандар көп.

– Мұндай орындар тұрғындардың денсаулығын сақтап, уақытын пайдалы өткізуіне мүмкіндік береді. Ең бастысы – дендеріңіз сау болып, уақыттарыңызды көңілді әрі пайдалы өткізу. Мұнда өздеріңізге қызықты іспен айналысып, араласуға, жаңа нәрсе үйренуге мүмкіндік бар. Қандай да бір ұсыныстарыңыз болса, міндетті түрде айтыңыздар, – деді орталықтың жұмысымен танысып, аға буын өкілдерімен кездескен Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Орталықта аэробика жаттығулары өтетін денсаулық мектебі, шахмат үйірмесі, қолданбалы өнер және қолөнер сабақтары, қазақ тілі курстары жұмыс істейді. Сонымен қатар салауатты өмір салты мен цифрлық сауаттылық бойынша дәрістер мен тренингтер ұйымдастырылады.

Қолөнер шеберханасында қатысушылар жүннен түрлі бұйымдар жасап, киіз басудың әдістерін меңгеріп жүр. Білезік, алқа, брошь секілді әшекейлер дайындау арқылы олар шығармашылық қабілеттерін шыңдайды. Шебер Ғалия Болатованың айтуынша, келушілер құрғақ және дымқыл киіз басу тәсілдерін үлкен қызығушылықпен үйренуде.

Заманауи технологияларға арналған сабақтар да сұранысқа ие. Бұрын компьютермен жұмыс істеп көрмеген азаматтар мұнда цифрлық сервистерді пайдалануды, қажетті ақпаратты іздеуді және компьютерлік бағдарламалармен жұмыс істеуді үйренеді.

Қазақ тілін меңгеруге ниеттілердің де қатары көп. Орталыққа келуші Наталья Чебарова мемлекеттік тілді еркін сөйлеу үшін үйреніп жүргенін айтады. «Қазақ тілінде сөйлеп үйренгім келеді. Бұл үшін жасым кедергі емес деп есептеймін. Бәрін меңгеріп шығатыныма сенімдімін», – дейді ол. Сабақты қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Үндемес Чигирова жүргізеді. Оның айтуынша, тыңдаушылардың білім алуға ынтасы жоғары.

Орталыққа Абай ауданының тұрғындарымен қатар, жақын елді мекендерден де азаматтар келеді. Жылы мезгілде мұнда далада би билеу, түрлі ойындар, байқаулар мен мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады.

Жобаны «Жастар альянсы» қоғамдық бірлестігі жүзеге асырып отыр. Ұйым бірнеше жылдан бері аға буын өкілдеріне қолдау көрсетіп, волонтерлер арқылы тұрмыстық мәселелерде көмек беріп келеді. Орталықтың ашылуына тұрғындардың өз ұсыныстары да себеп болған. Аға буын өкілдері бас қосып, шахмат ойнайтын, пайдалы іспен айналысатын тұрақты орын қажет екенін айтқан.

Алдағы уақытта орталықтағы үйірмелер санын көбейтіп, жаңа бағыттарды енгізу жоспарланған. Бұл бастама аға буынның белсенді өмір салтын қалыптастырып қана қоймай, олардың қоғаммен байланысын нығайтып, жаңа орта табуына мүмкіндік беріп отыр. Ең бастысы, мұнда жас ұлғайған сайын өмірдің қызығы азаймайтыны, керісінше жаңа нәрсе үйреніп, өз қабілетіңді дамытуға әрдайым мүмкіндік бар екені көрінеді.