Әлеуметтік төлемдерді тағайындаудың жаңа тәртібіне дайындық

0 2

Ақтөбе облысында әлеуметтік төлемдерді тағайындау тәртібіне енгізілетін өзгерістерге дайындық басталды. Бұл мәселе облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде қаралды. Жиында «Отбасының цифрлық картасы» арқылы азаматтардың әлеуметтік жағдайын бағалау, мемлекеттік көмектің қолжетімділігін түсіндіру және тұрғындармен кері байланысты күшейту міндеттері талқыланды.

Жаңа тәсілдің негізгі мақсаты – мемлекеттік қолдауды отбасының нақты әлеуметтік-экономикалық жағдайына қарай бағыттау. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ләззат Оразбаеваның мәліметінше, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қажеттілікті алдын ала анықтап, көмекті соған сәйкес ұсыну қағидатына көшуді жоспарлап отыр. Жаңа тәртіп 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап республикалық бюджеттен төленетін бірқатар әлеуметтік төлемге қатысты қолданылады.

Отбасының жағдайы арнайы ақпараттық жүйе арқылы бағаланады. Онда табыс көлемі, жұмыспен қамтылуы, жылжымайтын мүлкі, көлік құралдары, жер учаскелері, кәсіпкерлік қызметі мен мал саны секілді 70-тен астам көрсеткіш ескеріледі. Осы мәліметтердің негізінде отбасылар бес әлеуметтік-экономикалық санатқа бөлінеді.

Баяндамашының түсіндіруінше, «А» және «В» санаттарына жатқызылған отбасылар өз жағдайын дербес қамтамасыз етуге қабілетті деп бағаланса, «С», «D» және «Е» санаттарындағы отбасыларға мемлекеттік қолдау толық көлемде сақталады. Ал 2027 жылдан бастап «А» және «В» санаттарындағы отбасыларға әлеуметтік төлемдердің 14 түрін тағайындамау көзделіп отыр.

Өзгерістер бала тууына және оның күтіміне байланысты төлемдерді, көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақыларды, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлеріне арналған төлемдерді, сондай-ақ мүгедектікке және асыраушысынан айырылуға байланысты жәрдемақылардың жекелеген түрлерін қамтиды. Жаңа талаптар қолданыстағы төлем алушыларға да, болашақта жәрдемақы алуға өтініш беретін азаматтарға да қатысты болмақ.

Ақпараттық жүйені жетілдіру барысында мемлекеттік органдар мен банктердің дерекқорлары өзара ықпалдастырылуда. Сондықтан отбасының санаты қолда бар мәліметтерге сәйкес нақтылануы мүмкін. Азаматтар өз отбасының мәртебесін алдын ала білу үшін eGov порталындағы арнайы калькуляторды пайдалана алады.

Облыс әкімі Асхат Шахаров өзгерістерді халыққа жеткізу кезінде түсіндіру жұмыстарының сапасына ерекше мән беру қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, азаматтар өз отбасының қандай өлшемдер бойынша бағаланғанын және тиісті шешімнің неге негізделгенін түсінуі керек. Әсіресе табыс, мүлік және жұмыспен қамтылу туралы деректердің дұрыс ескерілуі маңызды.

Осыған байланысты жауапты басқармалар мен аудан әкімдіктеріне бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер және тұрғындармен кездесулер арқылы ақпараттық жұмысты күшейту тапсырылды. Жұмыспен қамту бөлімдерімен бірлесіп, азаматтардың сұрақтарына түсінікті жауап беру және кері байланыс орнату да назарда болады.

Алдағы кезеңде негізгі міндет – жаңа тәртіп туралы ақпаратты тұрғындарға уақтылы жеткізіп, әрбір отбасының өз әлеуметтік мәртебесіне қатысты сұрақтарына нақты жауап алуына жағдай жасау. Тапсырмалардың орындалуы облыс әкімінің бақылауында болады.