Әскерге бару – азаматтық борыш

0 2

Қаратау құрылыс-техникалық колледжінде аудан әкімінің орынбасары Дәулет Төлендінің төрағалығымен 2026 жылғы көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру науқанын аудан аумағында жүзеге асыру бойынша жиын өтті. Жиынға Қаратау қаласының Қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімінің басшысы Рашид Мұстафаев, «Ауған соғысы ардагерлері» ұйымының төрағасы Сәкен Есқараев, «Жастар ресурстық орталығының» директоры Нұрсұлтан Манатбеков және  аталмыш колледж оқытушылары мен студенттер қатысты.

Жастарға Отан алдындағы парызды өтеу, әскери қызметтің маңызы, ел қауіпсіздігі мен бейбіт өмірдің қадірі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында өткен жиында ауданда 2026 жылғы көктемгі мерзімді әскери қызметке  шақыру жұмыстары жайында баяндалды.

Кездесу барысында мамандар жастарға Қазақстан Республикасы азаматтарының Отан алдындағы конституциялық міндеттері туралы айтып, мерзімді әскери қызметтің ерекшеліктерін, әскери қызмет барысында берілетін әлеуметтік жеңілдіктер мен білім алу мүмкіндіктері жөнінде ақпарат беріп, кеңінен түсіндірді.

Сондай-ақ жиында еркін форматтағы пікір алмасу ұйымдастырылып, жастар көкейіндегі сұрақтарын қойып, жауап алды. Әскерге шақыру мерзімі, медициналық тексеруден өту тәртібі, әскери бөлімдердегі қызмет жағдайлары және келісімшарт бойынша әскери қызметтің артықшылықтары жайында жастар тарапынан қойылған сауалдар бойынша мамандар толыққанды мәлімет берді.