Алматыдағы Есентай өзенінің жағалауы жаңа көркемдік жобамен толықты. Бұхар Жырау көшесінен Тимирязев көшесіне дейінгі аумақтағы бетон қабырғаларға қалаға арналған әннің мәтінінен үзінділер түсіріліп, ерекше арт-маршрут жасалған. Жобаның авторлары оны жағалау бойымен серуендейтін адамдар үшін интерактивті форматта ұсынған.
Композицияның ерекшелігі – оның барлық элементі бір нүктеге шоғырланбаған. Ән жолдары жағалау бойына бөліктермен орналастырылған. Сондықтан келушілер маршрутпен жүріп өткен сайын қабырғадағы жаңа мәтіндер мен суреттерді көре алады. Ал арнайы QR-код арқылы арт-жобаға негіз болған музыкалық шығарманы тыңдау мүмкіндігі қарастырылған. Осылайша, жоба визуалды өнерді музыкамен ұштастыруға бағытталған.
Қала әкімдігінің мәліметінше, шығармашылық шешім жағалаудағы серуенді өзгеше форматта ұйымдастыруды көздейді. Адам Есентайдың бойымен қозғалған сайын композицияның келесі бөлігі ашылып, мәтін біртіндеп толық көрініс береді.
Жұмыстар кезінде бетон беттерге арналған сыртқы бояулар мен граффити салуға бейімделген арнайы материалдар пайдаланылған. Жобаны жүзеге асыру шығыны демеушілердің қаражаты есебінен өтелген.
Алайда жаңа безендіру қала тұрғындарының барлығына бірдей ұнай қойған жоқ. Әлеуметтік желілерде арт-маршруттың сыртқы келбетіне байланысты сын айтқан пікірлер көбейді. Кейбір алматылықтар жағалаудағы ашық түсті суреттер бұрынғы сәулеттік ортамен үйлеспейді деп есептейді. Тұрғындардың бір бөлігі жобаны Абай даңғылы бағытына қарай жалғастыруға да қарсылық білдіріп, жұмыстарды тоқтатуды сұраған.
Желі қолданушыларының арасында композицияның орындалу сапасына күмән келтіргендер де бар. Кейбір пікір авторлары суреттерді балалардың салған шимайына теңеп, кәсіби стрит-арт шеберлерінің көмегіне жүгінуге болатынын жазған. Басқалары қабырғадағы бейнелер мен түстердің арасында ортақ идея анық байқалмайтынын атап өткен. Тағы бір тұрғын жағалауға басқа сипаттағы сурет салып, түстерді бір-бірімен үйлестіріп қолдануға болар еді деген пікір білдірді.
Сонымен қатар арт-жобаны қолдайтындар да бар. Суретші әрі дизайнер Ғалия жұмыстағы түстерді шамадан тыс ашық деп сынауға негіз жоқ деп санайды. Оның пікірінше, композицияда реңктер белгілі бір жүйемен қолданылған және оны бағалаған кезде тек түстің ашықтығына назар аудармаған жөн.
«Суретші әрі дизайнер ретінде «тым ашық түсті» деген пікірмен келісе алмаймын. Мұнда түстер жеткілікті дәрежеде жинақы қолданылған. Түстің реңкімен қатар оның қанықтығы, жарықтығы, контрастылығы және түстік элементтердің көлемі де маңызды», – деді ол.
Маманның айтуынша, қалалық ортадағы түстердің қызметі тек айналаны көркемдеу емес. Сәтті таңдалған түстік шешім белгілі бір орынның ерекшелігін айқындап, кеңістікте бағдарлануға және оның адамға қалай әсер ететініне ықпал ете алады.
Есентай жағалауындағы жобаға қатысты туған пікірталас қоғамдық кеңістіктерді көркемдік нысандармен толықтыру мәселесіне деген көзқарастың әртүрлі екенін көрсетті. Бір тұрғындар мұндай бастамаларды қаланың заманауи келбетін қалыптастыратын шығармашылық шешім ретінде қабылдаса, енді бірі жағалау дизайны өзгертілер алдында жергілікті халықтың пікірі ескерілуі тиіс деп есептейді.