Көксуда картоптың жаңа сорты алғашқы өнімін берді

0 5

Жетісу облысында картоп жинау науқаны мәреге жақындады. Биыл өңірде бұл дақылға 6,5 мың гектар жер бөлініп, соның 73 пайызы немесе 4,6 мың гектары жиналды. Қазірдің өзінде 125,5 мың тонна өнім алынған. Орташа өнімділік гектарына 222,6 центнерді құрады.

Биыл өңір шаруалары үшін жаңашыл бағыттардың бірі – өнеркәсіптік өңдеуге арналған картоп өсіру. Көксу ауданындағы «Кеңдала» шаруа қожалығы алғаш рет чипсы өндірісіне қажетті арнайы сортты егіп, алғашқы өнімін өңдеу кәсіпорнына жөнелте бастады.

Шаруашылық бұл мақсатқа 33 гектар алқап бөлген. Қазіргі таңда әр гектардан 23-25 тонна өнім жиналып отыр. Ерекшелігі – алынған картопты ұзақ уақыт қоймада сақтаудың қажеті жоқ. Жиналған өнім арнайы көлікпен күн сайын тікелей чипсы шығаратын кәсіпорынға жеткізіледі. Шаруашылық тәулігіне шамамен 20-25 тонна картоп жөнелтуді жоспарлап отыр.

Өндірістік өңдеуге арналған картоптың талаптары да өзгеше. «Кеңдала» шаруашылығы чипсы жасауға қолайлы «ВР 808» сортын таңдаған. Оның құрамындағы құрғақ зат мөлшері 21-25 пайызға дейін жетеді. Бұл көрсеткіш картоп тілімдерінің өңдеу кезінде пішінін сақтап, майды аз сіңіруіне және қытырлақ өнім алуға мүмкіндік береді.

Шаруашылық басшысының орынбасары Таймыр Маматаевтың айтуынша, алғашқы тәжірибе күткен нәтижені көрсетіп отыр. Осыған байланысты келесі жылы чипсы өндірісіне арналған картоп алқабын 80 гектарға дейін ұлғайту жоспарланған.

Қазір егістік алқабындағы жұмысқа 20-ға жуық адам мен арнайы техника жұмылдырылған. «Кеңдала» шаруа қожалығы жалпы 300 гектарға жуық жерді игеріп, картоптан бөлек қант қызылшасы, жүгері, күнбағыс және мал азығы дақылдарын өсіреді.

Өңірдегі картоп жинау жұмыстары жалғасып жатқанымен, биылғы көрсеткіш шаруалардың жаңа өткізу бағыттарын игеріп, ауыл шаруашылығы өнімін өңдеу өнеркәсібімен байланыстыруға бет бұрғанын көрсетіп отыр.