Тұрғындарға интернет-алаяқтықтан сақтану жолдары түсіндірілді

0 2

Жетісу облысында демалыс күндері интернет-алаяқтықтың алдын алуға бағытталған профилактикалық іс-шара өтті. Полиция қызметкерлері тұрғындармен кездесіп, алаяқтардың кең таралған әдістері мен жаңа тәсілдері туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Тәртіп сақшылары әсіресе егде жастағы азаматтарға назар аударды. Полиция мәліметінше, алаяқтар көбіне банк, полиция немесе басқа да мемлекеттік және қаржы ұйымдарының қызметкері ретінде хабарласып, азаматтарды психологиялық қысым арқылы алдауға тырысады.

Тұрғындарға телефон арқылы жеке мәліметтерді, банк картасының нөмірі мен деректерін, сондай-ақ SMS арқылы келетін растау кодтарын ешкімге бермеу қажеттігі ескертілді. Күмәнді сілтемелерге өтпеу және бейтаныс адамдардың нұсқауы бойынша банк операцияларын жасамау керектігі де айтылды.

Талдықорған қаласындағы Орталық базарда өткен түсіндіру жұмыстары барысында азаматтарға интернет-алаяқтықтың алдын алу жолдары таныстырылып, шамамен 2 мың ақпараттық жадынама таратылды.

Полиция қызметкерлері тұрғындарды кез келген күмәнді қоңырау немесе хабарламаға сақтықпен қарауға шақырады. Егер өзін банк немесе мемлекеттік орган қызметкері ретінде таныстырған адам жеке деректерді немесе ақша аударуды талап етсе, әңгімені дереу тоқтатып, ақпаратты ұйымның ресми байланыс арналары арқылы тексерген жөн.

Құқық қорғау органдарының айтуынша, интернет-алаяқтықтың алдын алуда азаматтардың ақпараттық сауаттылығы мен қырағылығы маңызды рөл атқарады. Сондықтан тұрғындарға бейтаныс адамдардың талаптарына асығыс жауап бермей, кез келген күмәнді жағдайда ақпаратты бірнеше дереккөз арқылы тексеру ұсынылады.