Кезінде мыңғыртып мал өсірумен аты алысқа жайылған Мойынқұм жері қазіргі таңда өндірістің де кең қанат жаюына мән беріп келеді. Ауыл шаруашылығын дамытумен қатар өндірісті өркендеткен ауданға айналды десек қателесе қоймаспыз. Аудан әкімі Ермек Карентаев бұл салаға үнемі назар аударып келеді. Себебі, өндірісті өрге бастырғаннан ұтарымыз көп. Ол – халықты табысы мол жұмыспен қамтудың да көзі. Заманға сай бейімделудің бір жолы – өндірісті өркендету. Осыны мойынқұмдықтар жақсы түсініп, өндірістің өрге басуы жолында жаңашыл жобалар ойлап, ізденістің жолына түсті.
Байлықтың көзін тапқан – «Алтыналмас»
«Алтыналмас АК» акционерлік қоғамының Ақбақай филиалы 2011 жылдан бері құрамында алтын-күмісі бар кенді өндіру және өңдеу ісімен айналысып келеді. Жылына 1 миллион тонна кен өндіретін жобаның жалпы құны 8,1 миллиард теңгені құрайды. Мұнда 2025 жылы құндық көріністе 70 700,5 миллион теңге, заттай көріністе 1 964 килограмм алтын және 353 килограмм күміс өндіріп, үлкен табысқа қол жеткізді. Өндірілген өнім көлемі 2026 жылғы қаңтар-маусым айларында құндық көріністе – 47 395 миллион теңгені құраса, аталған айлардың аралығында заттай көріністе – 946 килограмм алтын және 172 килограмм күміс өндіріп, ел байлығын еселей түсті. Бұл ретте «Алтыналмас» акционерлік қоғамының Президенті Баламир Махановтың ерен еңбегі бар екенін айта кеткен жөн. Ал, Ақбақай филиалының өндіріс жұмыстары жөніндегі директоры Әлібек Сейтжанов үнемі өндірістің басынан, жұмысшылардың қасынан табылып жүр. Аталған ірі кәсіпорында қазіргі таңда 384 адам өндірісті өндіру жолында еңбек етеді.
– Үлкен кәсіпорынның – мәселелері де үлкен. Біз кен өндірісінде кереметтей табысқа жетуді көздейміз. Жұмысымыз заманауи техникалардың көмегімен сәт сайын жанданып, алға басқаны – еңбек өнімділігі үшін аса қажет. Тонналап алтын мен күміс өндіріп жатқан кәсіпорынның жұмыстары ауқымды. Жұмысшыларға жағдай жасау, еңбектің бағалануы, еңбек қауіпсіздігін, еңбекшілердің қауіпсіздігін қадағалау басты назарда. Жұмысшыларды ыстық аспен, жатақханамен, монша, демалыс бөлмелерімен қамту – басты міндеттің бірі. Жұмысшыларға жағдай жасалған сайын еңбек өнімділігі де артып отыр, – дейді Ақбақай филиалының өндіріс жұмыстары жөніндегі директоры Әлібек Алтынбекұлы. Біз осы «Алтыналмас АК» акционерлік қоғамының Ақбақай филиалында ауысыммен жұмыс істейтін Еркін Бұралхиевпен тілдескен едік.
– Қазіргі таңда жалақысы жоғары жұмыс табу аса өзекті. Мен Талас ауданы, Бөлтірік шешен ауылында тұрамын. Осы кәсіпорында жұмыс істеп жүргеніме 6 жылға жуықтады. Осында басқа да аудандардан және Тараз қаласынан да келіп, жұмыс істеп жүрген әріптестеріміз бар. Жалақымыз көңілден шығады және уақтылы төленеді. Мұнда жұмысшылар үш мезгіл ыстық тамақпен және жатын орынмен қамтылған. Күніне 8 сағат жұмыс істеп, өзге уақытта демалуға мүмкіндігіміз мол. Бір сөзбен айтқанда осы жұмысыма көңілім толады. Филиал басшылығына ризашылығымды білдіремін. Өндіріс орындарының көптеп ашылуы – біз секілді жас жігіттерге жұмыс көзі. Сондықтан, өндірісті дамыту туралы жобаларды қолдаймын, – дейді ол.
Міне, ауысымдық жұмыспен жүздеген адамды жұмыспен қамтып отырған Ақбақай филиалы сәт сайын дамып, өркендеп келеді.
«Оргстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өркендеуді көздейді
Мұрат Қарқын басқаратын аталған кәсіпорын Мирный ауылында орналасқан. Гранит өндірумен айналысады. 2017 жылы іске қосылған өндіріс ошағының жоба құны 600 миллион теңге. Жобаның қуаттылығы жылына 10 000 текшеметр гранит өнімін өндіруге еркін жетеді. Өндірілген өнім көлемі 2025 жылғы құндық көріністе 471 миллион теңгені құраса, аталған мерзімде заттай көріністе – 33 280 текшеметр гранит блоктары өндірілген. Өндірілген өнім көлемі 2026 жылғы қаңтар-маусым айларында құндық көріністе 328,9 миллион теңгені құрағаны да мұндағы жұмыстың алға басып отырғанының дәлелі. Ал осы мерзім аралығында заттай көрініс 14 426,5 метр куб гранит блоктары өндірілді. Кәсіпорында 66 маман тұрақты жұмыс көзімен қамтылып отыр.
– Ауылымызда осындай болашағы жарқын өндіріс ошағынан жұмыс істеп тұрғаны тұрғындар үшін пайдалы. Бірқатар ауыл азаматтары осы кәсіпорыннан өздеріне жұмыс тапты. Осы кәсіпорын жұмысшылары ауылдағы дүкендердің саудасында қыздырып отыр. Аталған кәсіпорын басшылығы ауылға шағын футбол алаңшасын салу, көшелерді ағымдағы жөндеу, мерекелік іс-шаралар өткізу бойынша демеушілік жасап, көмектерін көрсетіп тұрады. Алдағы уақытта да аталған кәсіпорынның ауылдың дамуына ықпалы жоғары болады деген ойдамын, – дейді Мирный ауылдық округінің әкімі Айжан Оспанқұлова.
Өндірісте маңызы жоғары Мыңарал
«Компания Мыңарал» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің іске қосылғанына 12 жылдан асты. Кәсіпорын директоры Сергей Ни үнемі өндірісті дамытуды ойластыруда. Кәсіпорын Мыңарал ауылында орналасқан. Балықты мұздату және балықты өңдеу жұмыстарымен айналысады. Жобаның құны – 600 миллион теңгені құрап отыр. Жобаның қуаттылығы жылына 1,5 мың тонна балық өндіру. Өндірілген өнім көлемі 2025 жылғы құндық көріністе – 287,9 миллион теңге, аталған айлар ішінде заттай көріністе 139,7 тонна балық өнімдерін өндірген. Өндірілген өнім көлеміне одан әрі көңіл аударсақ, 2026 жылғы қаңтар-маусым айларында заттай көріністе – 42 тонна балық өңдеуге мүмкіндік туды. Жұмысшылар саны 54 адамды құрап отыр.
- Біздер балықшылар әулетінен тараймыз. Оны ата кәсібіміз десек те болады. Мыңарал ауылының негізгі тіршілігі – балық. Ауылымызда осындай кәсіпорынның болуы ауыл экономикасының көтерілуіне ықпал етеді. Осы жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде менің де бірнеше бауырларым, туыстарым, ауыл тұрғындары еңбек етеді. Жалақылары салыстырмалы түрде алғанда жақсы. Кәсіпорын алдағы уақытта да өркендеуді көздейді. Бұл серіктестіктің ол кезде де Мыңарал ауылына көмегі көп тиеді деп айта аламын, – дейді ауыл тұрғыны, «Мерейлі отбасы – 2026» Ұлттық байқауы облыстық кезеңінің жеңімпазы Айдын Теңізбаев.
Франциялық инвестор жел өндіруге ынталы
«Total Energies» («Актас Энерджи» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі) – аудандағы іргелі өндіріс ошағы. Орналасқан жері Мирный елді мекені. Мұнда франциялық инвесторлар нақты жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Кәсіпорын бас директоры Тьерри Плезан мырза екі жақты тиімді жобаларға қолдау білдіріп келеді. Жобаның ресми өкілі Марат Әмірсейітов те жұмысты жандандыруды көздейді.
Қызмет түрі жел энергиясын өндіру. Жобаның құны 1,7 миллиард АҚШ долларын құрайды. Жобаның қуаттылығы жылына 1 ГВт (гегават) электр энергиясын өндіруге толық жетеді. Жүзеге асырылу мерзімі 2026 – 2028 жылдар аралығы. Жұмысқа қамтылған адам саны 150 адамды құрады. Осынша адамды жұмыспен қамтыған жоба Мирный ауылына едәуір оң ықпалын тигізіп отыр. Осылайша, Мирный халқы франциялық инвестордың игілігі мен жанашырлығына куә болуда.
Цемент өндірісі құрылыс қарқынына аса қажет
«Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2010 жылдан бері іске қосылып, жылдан жылға жұмыс қарқынын арттырып келеді. Кәсіпорын директоры Филип Огюст Лояконо нақты істің адамы екенін уақыт өткен сайын дәлелдеуде. Мыңарал ауылында орналасқан серіктестіктің мың сан шаруаға оң ықпалы тиіп келеді. Кәсіпорын сапалы цемент өндірумен үздіксіз айналысады. Жобаның құны 34,9 миллиард теңгені құрайды. Жобаның қуаттылығы жылына 1,5 миллион тонна цемент өндіруге жоспарланған. Өндірілген өнім көлемі 2025 жылғы құндық көріністе 35 690,5 миллион теңгені құраса, заттай көріністе 1505,2 мың тонна цемент өндіріп, өнімді істерімен ерекшеленген. Өндірілген өнім көлемі 2026 жылғы қаңтар-маусым айларында құндық көріністе 21 412,4 миллион теңге көлемінде болса, осы айлардың аралығында заттай көріністе 846,3 мың тонна цемент өндіріп үлгеруде. Үлкен кәсіпорын 235 адамды тұрақты жұмыс көзімен қамтып отыр.
Барит өндірісінде де табыс мол
«Шығыс кен басқармасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2006 жылдан бері аудан аумағында өз жұмысын жолға қойып келеді. Кәсіпорын директоры Зелина Катранова өзінің іскерлігімен көзге түсіп отыр. Шығанақ ауылында орналасқан кәсіпорын барит кенін өндіруді жүйелі түрде жүргізіп келеді. Жобаның құны 600 миллион теңге. Жобаның қуаттылығы жылына 60 мың тонна барит рудасын өндіруге қауқарлы. Өндірілген өнім көлемі 2025 жылғы құндық көріністе205,2 миллион теңге, осы айлар ішінде заттай көріністе 82 мың тонна барит кені өндірілген. Ал, 2026 жылғы қаңтар-маусым айларында құндық көріністе 138,3 миллион теңге, осы айлар аралығында заттай көріністе 3,9 мың тонна барит кені өндірілгені көңіл қуантады. Осынау жауапкершілігі шектеулі серіктестікте 75 адам тұрақты жұмыс көзімен қамтылған.
– Аталған кәсіпорындардың бәрімен аудан әкімдігі үнемі байланыста. Осы жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер орналасқан ауылдық округтердің де тұрғындарымен сөйлесіп, олардың аталған кәсіпорынның талабына бейімделуін, мамандықтарға бейімделуін назарда ұстап, жұмыспен қамтылуына да көңіл аударамыз. Бұл кәсіпорындардың аталған ауылдарға ірі көлемде демеушілік жасауына да ықпал етіп, басшыларының назарына салып отырамыз. Нәтижесінде аталған ауыл тұрғындары өндіріс ошақтарының көмегін сезініп, нақты нәтижелерге қол жеткізіп отыр, – дейді аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Талғат Үсенбаев.