Моңғолиядан атамекенге көшіп келген Қапезовтер отбасы Айыртау ауданында қазақтың ұмыт бола бастаған, атадан балаға жалғасқан ұлттық қолөнерін жаңғыртып, кейінгі ұрпаққа үйретіп келеді. Жарты ғасырға жуық уақыттан бері ағаш өңдеп, киіз басып, ши тоқып келе жатқан ерлі-зайыпты үшін бұл – жай ғана кәсіп емес, атадан қалған асыл мұра.
Лобаново ауылындағы шағын ауланың өзі бір қарағанда ұлттық өнердің шағын музейіндей әсер қалдырады. Мұндағы жеті қанат киіз үй анадайдан көзге түседі. Қабырғаға сүйеулі шаңырақ, уық жасауға дайындалып үйілген тал, жартылай тоқылған ши, ер-тұрман, ұлттық нақыштағы балалар ойыншығы – мұның бәрі Қапезовтер отбасының шебер қолынан шыққан қолөнер бұйымдары.
Темірошыр Қапезов пен жары Мария Жіңкен 1991 жылы Моңғолияның Баян-Өлгий аймағынан атамекенге бет алған алғашқы көшпен бірге келген. Айыртау ауданының Лобаново елді мекеніне табан тіреген ерлі-зайыпты келе сала іске кірісті. Отағасы ағаштан ер-тұрман, киіз үйдің сүйегін және ұлттық нақыштағы балалар бұйымдарын жасайды. Ал Мария апай киіз басып, ши тоқиды, киіз үйдің жабдықтарын тігіп, қазақтың дәстүрлі тұрмысында қолданылған дүниелерді қайта жаңғыртады. Бүгінде елу жылға жуық уақытын қолөнерге арнаған шеберлердің ең үлкен мақсаты – өздері білген өнерді ұрпақтарына мұра етіп қалдыру.
Темірошыр аға ағаш өңдеуді арнайы оқу орнында меңгермеген. Оның бар білімі – ауыл ақсақалдарынан көріп, көңілге түйгені. «Қолөнерге деген қызығушылық бала кезден қалыптасты. Ағаш өңдеуді ауылдың ақсақалдарынан үйрендім. Әр ісін бақылап, жасаған бұйымдарының қыр-сырын үйрендім. Олар ер-тоқым жасап, сиырдың терісін илеп, қайыс дайындайтын», – деген Темірошыр Қапезов өзі де көрген-білгенін кейінгі ұрпаққа үйретуге тырысады.
Темірошыр Қапезовтің есімінің де өзіндік тарихы бар. Шебердің айтуынша, бала кезінде оған «Жетікемпір» деген ат қойылған екен. «Мен бір атадан жалғызбын. Менен үлкен үш әпкем бар. Сондықтан дүниеге келгенде жеті әженің батасын алып, ырымдап Жетікемпір деп атаған екен. Кейін ауылға келген жас дәрігер әкеме бұл есімнің болашақта балаға қолайсыздық тудыруы мүмкін екенін айтқан. Әкемнің рұқсатымен құжаттағы атымды Темірошыр деп өзгерткен. Темір-ошыр деген – мұңғылдың бір есімі», – дейді шебер.
Мария Жіңкен небәрі 17 жасында Темірошыр ағаға тұрмысқа шыққан. Бүгінде ерлі-зайыптының отасқанына 43 жыл болған. «Қазақстанға көшіп келгенімізге ешқашан өкінген емеспіз. Осы қазақ жерінде еңбек етіп, жастарға, келіндерімізге, қыздарымызға, немерелерімізге қолөнерді үйретіп жүргенімізге шүкіршілік етемін», – дейді Мария апай.
Өзі сегізінші сыныптан кейін білім алмаған. Ол кезде қыз балалардың оқуына қатысты көзқарас та өзгеше болған. «Қыздарға оқуға болмайды деп әкем жібермеді. Бірақ «барған жеріңе бәрін біліп бар» деп тәрбиелейтін әжелеріміз. Сол кісілерден бәрін үйрендік», – дейді ол.
Қазір Мария апай киіз үйдің туырлығы мен үзігінен бастап, ішкі жасауларына дейін өз қолымен тігеді. Сонымен қатар әлі күнге дейін ши тоқып, киіз басады. Шебер бұл жұмысты жетік меңгерген. Ши тоқу үшін жергілікті қамысты пайдаланады. Дайын тоқылған ши киіз үйдің қабырғасына тартылып, үй ішіне ит-мысық кірмеуі үшін қолданылады. Оны құрт жаюға да пайдалануға болады.
Ал киіз басудың өз технологиясы бар. «Киізге қолданылатын қой жүні әуелі жуылып, тазаланып, сабалады. Кейін ши үстіне төселіп, су себіліп, бірнеше сағат бойы білектің күшімен иленеді. Киіз басу үшін міндетті түрде ши керек. Онсыз киіз шықпайды. Су құйып, орап, қайта-қайта айналдырып, екі-үш сағат бойы басамыз. Сонда ғана сапалы киіз дайын болады», – дейді Мария апай.
Бұрын киіз басу ауылдың қыз-келіншектерінің басын біріктіріп, арты тойға ұласқан. Қойды қырқып болған соң ауылдың қыз-келіншектері жиналып, асарлатып, бір күнде бір үйдің киізін басып береді екен.
Темірошыр ағаның соңғы жасаған ерекше бұйымдарының бірі – балаларға арналған ат ойыншық. Сырт көзге қарапайым көрінгенімен, оның жасалуына көп уақыт пен үлкен шеберлік қажет. Ойыншықтың іші ағаштан құрастырылып, сырты қойдың жүнімен қапталады. Оған жылқының жалы мен құйрығы тағылады. Ал ер-тұрманы, жүгені мен ноқтасы түгелдей қолдан жасалады. «Мен – аттың жалында, түйенің қомында өскен қазақпын. Балалар атқа мініп үйренсін, көкпар тартсын, үзеңгіге аяқ салып өссін деген ниетпен осы атты жасап бердім. Бір данасын жасауға бір айдан астам уақыт кетті», – дейді шебер.
Ерлі-зайыптылар қолөнердің қыр-сырын балалары мен немерелеріне үйретіп келеді. Ұлттық бұйым жасаудың әдісін кейінгі буынға көрсетіп, олардың қызығушылығын оятуға тырысады. Темірошыр ағаның айтуынша, ұлттың өнері де ұрпақпен бірге өмір сүреді. «Жастайымыздан көрген-білгенімізді ұрпаққа мұра етіп қалдырсақ дейміз. Қазақтың қаны бар жерде ұлттық өнерге деген қызығушылық ешқашан жоғалмайды», – дейді ол.
Ұлттық өнер ұмытылмасын десек, оны музейде ғана сақтамай, күнделікті өмірде қолданған жөн. Ал Қапезовтер отбасы осы ұстанымды өз еңбегімен дәлелдеп жүр.