Қарағанды облысында биылғы ауа райының ерекшелігіне байланысты бірқатар шаруашылық егін жинау жұмыстарына әдеттегіден ертерек кірісті. Қазір дала жұмыстары Абай, Бұқар жырау, Нұра, Осакаров және Шет аудандарында жүріп жатыр. Бүгінде өңірде 37 мың тонна астық бастырылып, 3,7 мың тонна майлы дақыл жиналған.
Мамандардың мәліметінше, облыста негізгі егін ору науқаны қыркүйек айының алғашқы күндерінде жаппай басталады. Биыл шаруалар алдында ауқымды міндет тұр. Өңір бойынша шамамен 1 млн гектар дәнді дақыл, 114 мың гектар майлы дақыл алқабын жинау жоспарланған. Сонымен қатар 13 мың гектардан астам картоп пен көкөніс алқабы бар.
Бұл туралы аппараттық кеңесте облыстық ауылшаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Әнуар Түлібеков баяндады. Оның айтуынша, науқанды қысқа мерзімде әрі сапалы өткізу үшін шаруашылықтардағы қажетті техника дайындалуда.
– Биыл 1 966 астық жинайтын комбайн, 609 жатка, 78 картоп жинайтын комбайн және 75 картоп қазғыш пайдаланылады. Күзгі дала жұмыстарына арзандатылған дизель отыны бөлінді. Жиналған өнімді сақтауға қажетті база да дайындалуда. Облыста 8 астық қабылдау кәсіпорны мен 704 астық қоймасы, сондай-ақ 138 картоп және көкөніс сақтау қоймасы бар, – деді басқарма басшысы.
Ерте піскен өнімді жинау жұмыстары Абай ауданында басталып кетті. Мұнда биыл шамамен 134 мың тонна картоп алу көзделіп отыр. Бұдан бөлек, жергілікті шаруалар 33 мың тоннаға жуық көкөніс жинауды жоспарлаған. Өнім көлемінің мол болуы оны уақытылы жинап, сақтап, өткізу мәселесіне де жауапкершілікпен қарауды талап етеді.
Егін жинаумен қатар, мал қыстату науқанына дайындық та жалғасып жатыр. Шаруашылықтар қысқы кезеңге қажетті жемшөп қорын қалыптастыруға кіріскен. Қазір пішендеме дайындау және көпжылдық шөп қорын жинау жұмыстары жүргізілуде.
Биылғы дала науқанының ерекшелігі – шаруалар бір маусымның жұмысымен ғана шектелмей, келесі жылдың егісіне де алдын ала қамдануы тиіс. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев аппараттық кеңесте егінді уақытында жинап, ысырапқа жол бермеу және дайын өнімді сақтауды дұрыс ұйымдастыру қажеттігін атап өтті.
Өңір басшысы 2027 жылғы егіс науқанына қажетті тұқым қорын қазірден қалыптастыруды тапсырды. Сонымен қатар алқаптарды өңдеуге қажетті минералды тыңайтқыштарды сатып алу мәселесін алдын ала шешу керектігін айтты.
– Егінді уақтылы жинап, оны сақтауды қамтамасыз ету қажет. Сонымен қатар 2027 жылғы егіс науқанына қажетті тұқым қорын қалыптастырып, алқаптарды өңдеуге арналған минералды тыңайтқыштарды сатып алуды ұйымдастыру керек. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жергілікті ауылшаруашылығы өндірушілерімен тұрақтандыру қорына картоп пен көкөніс жеткізу жөнінде меморандумдар жасасу қажет. Осы мәселелердің барлығын бақылауда ұстау керек, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Қарағанды облысы үшін егін жинау науқанының нәтижесі ауылшаруашылығы саласының ғана емес, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігінің де маңызды көрсеткіші болмақ. Сондықтан алдағы негізгі міндет – піскен өнімді белгіленген мерзімде жинап, сапасын сақтап, қоймаларға уақытылы орналастыру.
Дала жұмыстарының қызған шағында техника мен жанар-жағармайдың жеткілікті болуы, еңбек ресурстарын тиімді пайдалану және өнімді сақтайтын қоймалардың дайындығы ерекше маңызға ие. Биылғы мол өнімді шашау шығармай жинау үшін шаруаларға барлық жағдай жасалуы қажет. Ал келесі жылдың егісіне бүгіннен дайындық бастау – ауылшаруашылығындағы жұмыстың үздіксіздігін қамтамасыз етудің басты шарты.