Ақмола облысының экономикасы жоғары қарқынмен дамып келеді

0 2

Ақмола облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы жыл санап жақсарып келеді. Мәселен, өткен жылдың қорытындысына қарайтын болсақ, облыстың жалпы өңірлік өнімі 5,3 триллион теңгеге жетіп, екі жылдың ішінде 43 пайызға артқан. Бұл республикадағы ең жоғары өсімнің бірі. Ал биылғы бірінші жартыжылдықтың өзінде өндірілген өнім көлемі 2 триллион теңгеге жуықтаған. Енді жыл соңында бұл көрсеткіш 6,6 триллион теңгеге жетеді деп болжанып отыр. Мұндай нәтижеге облысымызда ауылшаруашылығы өндірісінің ұлғаюы, құрылыс қарқынының артуы, сауда көлемінің кеңеюі және кәсіпкерлік белсенділіктің жоғарылауы ықпал еткені даусыз.

Аймақтағы бұл көрсеткіште Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың төрағалығымен өткен кеңейтілген әкімдік мәжілісінде жан-жақты сараланып, 2026 жылдың бірінші жарты жылдығындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары талқыланып, алдағы кезеңнің басым бағыттары белгіленді.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Алмагүл Шүгірмақова баяндама жасап, өңір экономикасының даму қарқыны тұрақты сақталып отырғанын жеткізді. Ол өз кезегінде жоғарыда көрсетілген көрсеткіштерге тоқталып, өңірде жақсы көрсеткіш қалыптасып отырғанын айтты.

Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының сөзіне қарағанда, облыс экономикасының өсуі ең алдымен, бюджет кірістерінен байқалып отыр.

Мәселен, үш жыл бұрын облыс бойынша 329 миллиард теңге салық түссе, өткен жылы оның көлемі 692,7 миллиард теңгеге жеткен. Ал, ағымдағы жылдың алғашқы алты айында мемлекеттік бюджетке 420,8 миллиард теңге түскен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 138,3 пайыз жоғары. Соның ішінде республикалық бюджетке  285,9 миллиард теңге, жергілікті бюджетке 134,8 миллиард теңге аударылыпты.

Қаржы министрлігінің маусым айындағы рейтингі бойынша Ақмола облысы жергілікті бюджет кірістерінің өсімі жөнінен республикада бірінші орынға шыққан. Сондай-ақ, бүгінгі күні облыс экономикасының басты тіректерінің бірі облысымызға тартылатын инвестиция екендігі белгілі. Басқарма басшысының сөзінше, жыл басынан бері өңірге 329,2 миллиард теңге инвестиция тартылған. Үкімет бекіткен жоспар 182,9 пайызға орындалып, Ақмола облысы республика бойынша бірінші орыннан көрініп отыр. Сонымен қатар жиын барысында алғашқы алты айда өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1,3 триллион теңгені құрап, өткен жылы өңдеу өнеркәсібінде төмендеу байқалғанымен, жыл басынан бері көрсеткіштердің біртіндеп қалпына келе бастағаны атап өтілді. Жиында облыс әкімі өңірге тартылып жатқан әрбір инвестициялық жобаның нақты экономикалық нәтиже беруі керектігін ерекше атап өтті.

Облыс экономикасының биылғы жарты жылдықтағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларына сәйкес, Ақмола облысы бұрынғысынша еліміздің басты астықты аймақтарының бірі болып қала береді. Байқап отырсақ, өткен алты айда ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 220,8 миллиард теңгеге жетіп, өсім 4,6 пайызды құраған. Мал шаруашылығында да тұрақты даму байқалып отыр. Осыған сәйкес, ет өндірісі төрт пайызға, сүт өндірісі 12 пайыздан астамға, жұмыртқа өндірісі 7,5 пайызға ұлғайған. Ал, мал басы барлық негізгі бағыттар бойынша көбейіп келеді. Сондай-ақ, жиын барысында биылғы егіннің жай-күйі де көңіл қуантатыны айтылды. Бүгінде 4,5 миллион гектар егістік алқабының 68 пайызы жақсы жағдайда тұр. Мамандардың болжамынша, ауа райы қолайлы болса, облыс диқандары сегіз миллион тоннадан астам астық жинайды деп күтілуде. Қазірдің өзінде элеваторлар дайындалып, астық қабылдау орындары жөнделіп, қоймаларда залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуде.

Облысымыздағы құрылыс саласы да аймақ экономикасының негізгі драйверлерінің біріне айналып отыр. Мәселен, жарты жылда құрылыс жұмыстарының көлемі 128,4 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 7,6 пайызға артқан. Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 274,4 мың шаршы метр болды. Сондай-ақ жиын барысында облыс әкімі аудан әкімдеріне кәсіпорындармен бірлесіп, еңбеккерлердің еңбекақысын көтеру, еңбек қатынастарын заңдастыру және жаңа жұмыс орындарын құру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Жиын соңында облыс әкімі барлық деңгейдегі басшыларға жоспарланған инвестициялық жобаларды уақытында аяқтау, статистикалық есептердің сапасын бақылау, бюджет кірістерін ұлғайту, жаңа өндірістер ашу және тұрғындардың әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстарды жақсартуды тапсырды.