Жаңа талаптар түсіндірілді

0 1

Ақтөбе облысында мемлекеттік қызметті жетілдіру, кадрлық процестерді цифрландыру және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Кездесулер барысында мемлекеттік қызметшілерге заңнамалық өзгерістер, әдеп нормалары мен қызметтік жауапкершілік талаптары түсіндірілді.

Осы бағытта департамент өкілдері жас мемлекеттік қызметшілер және өңірлік кадр резервінің мүшелерімен кездесті. Жиында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңның жаңа редакциясы, кадрлық процестерді цифрландыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамаға енгізілген өзгерістер талқыланды. Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілерге қойылатын шектеулер, әдеп нормаларын сақтау және тәртіптік жауапкершілік мәселелері сөз болды.

Бұдан бөлек, Ақтөбе облысы әкімдігінде облыстық басқармалардың қатысуымен семинар-кездесу ұйымдастырылды. Іс-шара барысында жергілікті атқарушы орган қызметшілеріне жаңа Конституция, «Мемлекеттік қызмет туралы» Заң нормалары және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама бойынша енгізілген жаңашылдықтар таныстырылды.

Семинарда департамент басшысының орынбасары Руслан Мәжитов мемлекеттік аппараттың кәсібилігін арттыру және клиентке бағдарлану моделін енгізу мәселелеріне тоқталды. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тетіктерін жетілдіру мен адалдық қағидаттарын сақтау қажеттігін атап өтті.Кездесулер соңында қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, заңнамадағы өзгерістерді іс жүзінде қолдану жолдары бойынша жауап алды.