Тереңкөл аудандық «Мансап» орталығының мәліметінше, өткен жылы 17 азаматқа 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қайтарымсыз грант берілген. Биыл 8 грант бойынша шешім шығарылған. Басым бөлігі мал шаруашылығын дамытуға ниет еткен.
Соның бірі – Тереңкөл ауданының Байқоныс ауылының тұрғыны Динара Шадиметова. Оның негізгі мамандығы медбике, қазір бала күтімінде отыр. Ол былтыр жұбайы Тұрсынмамад Хасановпен бірге «оңтүстіктен солтүстікке» бағдарламасының аясында Шымкент қаласынан Павлодар өңіріне қоныс аударған болатын. Бес баланың анасы жаңа ортаға келіп, жеке кәсіппен айналысуды жөн көреді. Алғашында қиын сияқты болғанымен, үйреніп кеткендерін айтады.
– Біз жұбайым екеуіміз бірлесе шешім қабылдап, Байқоныс ауылына тұрақтадық. Мемлекет тарапынан баспана берілді. Жартылай өзіміз, жартылай мемлекет көмегімен үйімізді алдық. Екі үлкен баламыз Шымкентте студент. Одан кейінгі баламыз 8-сыныпқа көшті. Тағы бір баламыз балабақша жасында. Кенжеміз Павлодар қаласында өткен жылы дүниеге келді. Көшіп келген соң «Мансап» орталығы, әкімдіктегілер табыс табу, еңбекке араласудың мемлекеттік бағдарламаларын таныстырып, мүмкіндіктерін түсіндірді. Сондай қолдаулардың бірі – қайтарымсыз грант, – дейді Динара.
Яғни, ол арнайы бизнеске бастайтын курс оқып, жоспарын түзеді. Сиыр алып, ақ тағам түрлерін жасап сатуды мақсат етеді. Сөйтіп, мемлекеттен қайтарымсыз негізде 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде грант алады.
– Негізі, күйеуімнің мал шаруашылығына икемі бар. Оған қоса, Байқоныста, жалпы, Павлодар облысында мал өсіруге жағдай барын көріп отырмыз. Оңтүстікте жер табу қиын. Ал мында мүмкіндік бар. Мемлекеттен берілген грантқа үш сауын сиыр және сепаратор аппаратын сатып алдық. Бұл грантқа сатып алған сиырдан бөлек, өзіміздің өсіріп отырған қара малымыз аз емес. Қазіргі мақсатымыз – мал шаруашылығын дамытып, табыс көзіне айналдыру, – дейді іскер жан.
Еңбекқор отбасы ертеңі үшін аянып қалмайтындарын айтады. Жалпы, тырысып, талпынған адамға табыс көзі табылатынына да сенімді.
– Біздің ізімізбен тағы бірнеше отбасы ауылымызға көшіп келді. Баспаналы болып жатыр. Меніңше, «оңтүстіктен солтүстікке» бағдарламасының берері мол. Тек жалқаулыққа салынбай, тіршілік жасауға талпыну керек. Жұмыс істейтін адам үшін жағдай жасалуда, – деген пікірде кейіпкеріміз.
Байқонысты құтты қонысқа балап отырған отбасы алдағы уақытта әлі де шаруашылықты кеңейтуге ниетті.
– Қара малмен бірге биыл тағы қой бағуды да көздеп отырмыз. Әзірше, малдың жем-шөбін сатып алудамыз. Шабындық жерге өтінім де беріп қойдық. Келесі жылы жер телімі үлестірілсе, шөпті де өзіміз шауып алмақпыз. Ол үшін техника сатып аламыз. Малмен қатар қаз да өсіріп жатырмыз. Сиыр сүтінен май, құрт жасап, отбасымыздың қамы үшін, балаларымызды табиғи өніммен қамту үшін әрекет етудеміз, – дейді байқоныстық тұрғын.