Әлеуметтік жұмыс басқармасының инклюзивті білім беру саласының мамандарының ұйымдастыруымен инклюзивті білім беру бағыты бойынша мазмұнды семинар өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – қабылдау комиссиясы қызметкерлерінің ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлермен жұмыс жасау дағдыларын жетілдіру және инклюзивті орта қалыптастыру бағытындағы кәсіби құзыреттілігін арттыру болды.
Семинар барысында қатысушыларға ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлермен тиімді әрі дұрыс қарым-қатынас орнатудың жолдары жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар, инклюзивті білім беру саясаты, мәдениеті және тәжірибесін жүзеге асырудың заманауи әдіс-тәсілдері таныстырылып, халықаралық тәжірибелер мен бүгінгі білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелер талқыланды.
Іс-шараны Әлеуметтік жұмыс басқармасының инклюзивті білім беру саласының бас маманы, «Әлеуметтік психология» кафедрасының аға оқытушысы С.М. Үсенова жүргізді. Өз сөзінде спикер инклюзивті білім берудің басты қағидаттарының бірі – әрбір талапкерге тең мүмкіндік беру екенін атап өтті. Сондай-ақ, ерекше білім беру қажеттіліктері бар жастарға қолайлы орта қалыптастыру тек кәсіби міндет қана емес, қоғамның әлеуметтік жауапкершілігінің маңызды бөлігі екеніне тоқталды.
Семинар аясында қатысушылар практикалық тапсырмалар орындап, түрлі жағдаяттық мысалдар арқылы ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлермен жұмыс жасау ерекшеліктерін талқылады. Қатысушылар инклюзивті орта құрудың маңыздылығы мен адамгершілік құндылықтарды дәріптеудегі рөлін ерекше атап өтті.
Мамандардың пікірінше, мұндай семинарлар қабылдау комиссиясы қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттырып қана қоймай, білім беру ұйымдарында қолжетімді әрі қауіпсіз инклюзивті ортаны қалыптастыруға оң ықпал етеді.
Айта кетейік, бүгінде инклюзивті білім беру – қоғамдағы теңдік пен әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етудің маңызды бағыттарының бірі. Осыған байланысты аталған салада ұйымдастырылатын ағартушылық және тәжірибелік іс-шаралардың маңызы жылдан-жылға артып келеді.