Педагогтерге арналған заманауи инклюзивті оқыту тренингі өтті

0 2

М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде «Инклюзивті білім беру жағдайындағы заманауи технологиялар» тақырыбында оқытушылар мен сала мамандарына арналған оқу-тренинг ұйымдастырылды. Іс-шара «Инклюзивті педагогика» біліктілікті арттыру курсы аясында өткізіліп, білім беру ұйымдарында инклюзивті ортаны қалыптастырудың өзекті мәселелерін талқылауға арналды.

Тренингті Әлеуметтік психология кафедрасының аға оқытушысы, Әлеуметтік жұмыс басқармасының инклюзивті білім беру саласының бас маманы С.М. Усенова жүргізді. Ол қатысушыларға инклюзивті білім беру жүйесіндегі заманауи әдіс-тәсілдер мен технологиялардың ерекшеліктері жөнінде жан-жақты мәлімет беріп, оларды тәжірибеде тиімді қолдану жолдарын түсіндірді.

Іс-шара барысында қатысушылар ерекше білім беруді қажет ететін білім алушылармен жұмыс істеудің озық тәжірибелерімен танысты. Сонымен қатар инклюзивті оқыту үдерісінде кездесетін түрлі жағдайларды талдап, практикалық тапсырмалар орындады. Топтық жұмыстар мен пікір алмасу алаңдары мамандардың кәсіби тәжірибесін жетілдіруге және өзара тәжірибе бөлісуіне мүмкіндік берді.

Тренингте білім беру ұйымдарында қолайлы психологиялық-педагогикалық орта қалыптастыру, білім алушылардың жеке ерекшеліктерін ескеру және заманауи цифрлық технологияларды пайдалану мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға толыққанды жауаптар беріліп, инклюзивті білім беруді дамытуға қатысты пайдалы ұсыныстар мен тәжірибелік кеңестер ұсынылды.

Мамандардың пікірінше, мұндай іс-шаралар педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттырып қана қоймай, білім беру жүйесінде инклюзивті мәдениетті қалыптастыруға да оң ықпал етеді.

Оқу-тренинг жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушылар тарапынан оң бағасын алды. Іс-шара соңында мамандар алған білімдері мен тәжірибелерін күнделікті жұмыс барысында тиімді пайдалануға дайын екендіктерін атап өтті.