«Жасыл экономика» – бұл экономикалық, әлеуметтік және экологиялық даму мәселелерін біріктіретін тұрақты даму тұжырымдамасы. Бұл қоршаған ортаға қысымды азайтуға, табиғи қорларды тиімді пайдалануға, табиғи экожүйелерді сақтауға, табиғи капиталды арттыруға, экологиялық жағынан таза өнімдер шығаруға, халықтың әл-ауқатын арттыруға, ресурстарды үнемдеп, тиімді тұтынуға бағытталған.
Бұл ретте, сала бойынша Жамбыл облысында жаңартылатын энергия көздерін дамыту жұмыстары Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға көшу» жөніндегі тұжырымдамасына сәйкес жоспарлы түрде жүзеге асырылуда. Облыста жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жағынан республикамызда алдыңғы қатарлардың бірінде. Республика бойынша жалпы қуаты 3032,12 МВт құрайтын 153 жаңартылатын энергия көздерінің нысаны жұмыс істейді. Ал өңірде жалпы қуаты 571,3 МВт құрайтын жаңартылатын энергия көздерінің 22 нысан жұмыс істеуде, оның 6-ы су электр стансасы, қуаты – 24,4 мегаватт, 10-ы жел электр стансасы, қуаты – 275,65 мегаватт, 6-ы күн электр стансасы, қуаты – 271,25 мегаватт. Бұл ЖЭК нысандарының облыста өте жоғары қарқында дамып келуде.
Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақовтың айтуынша, өткен жылы облыс бойынша жалпы 5 818,9 миллион кВт/сағ. электр энергиясы өндірілген. Оның ішінде ЖЭК көздерінің үлесі 25,4 пайыз (1 479 млн. кВт/сағ.), дәстүрлі энергия көздерінің үлесі 74,6 пайыз (4 339,9 млн. кВт/сағ.).
– Облысымызда жыл санап «жасыл» экономика аясында табиғат көздерінен қуат өндіру қарқынды жүзеге асырылып келеді. Мәселен, 2021 жылы өңірдегі ірі жобалардың бірі құны 49 миллиард теңге құрайтын қуаты 100 мегаватты құрайтын «Жаңатас» жел электр стансасы пайдалануға берілді, қуаты 9,2 мегаватты құрайтын «Тасөткел» су қоймасындағы су электр стансасының 2-ші кезеңі іске қосылды. 2022 жылы Жамбыл ауданындағы қуаты 50 мегаватты құрайтын «AEC ASA» күн электр стансасы және Талас ауданында қуаты 13,5 мегаватты құрайтын «Шенгелді», «Шенгелді-2» және «Новатэкс ЖЭС» 3 жел электр стансасы пайдалануға берілді. Олардың әр қайсысының қуаты – 4,5 мегаватт. Ал 2024 жылы Сарысу ауданында қуаты 100 мегаватты құрайтын «Шоқпар ЖЭС» жел электр станциясы іске қосылды. Сондай-ақ, Жамбыл ауданында орналасқан «AEC ASA» күн электр станциясына қосымша 20 мегаваттқа кеңейту жұмыстары жүргізілді. Облыстың ЖЭК нысандарын салуға қолайлы болуына байланысты алдағы жылдары жалпы қуаты 2 гигаватты құрайтын 2 ірі жобаны іске асыру көзделуде. Атап айтқанда, Мойынқұм ауданында «Total Eren» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан қуаты 1 гигаватты құрайтын жел электр стансасы, Сарысу және Талас ауданында Masdar (БАӘ) компаниясы тарапынан қуаты 1 гегаватты құрайтын жел электр станциясы жобаларын іске асыру көзделуде.
Жоспарға сәйкес, 2028-2029 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің саны 2,5 гегаватт қуатымен 24 нысанға дейін жеткізілетін болады. Жалпы алғанда, белгіленген барлық жобаларды іске асыру экологияға зиян келтірмей, өңірді сапалы электрмен жабдықтауға және облысты «жасыл» энергиямен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – дейді басқарма басшысы.
Мәселен, алдыңғы жылы пайдалануға берілген «Жаңатас жел электр станциясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бүгінде 100 мегаватт электр энергиясын өндіруде. Онда 40 жел турбинасы орнатылған. Қытайлық «China Power» компаниясы алдағы уақытта Сарысу ауданында 400 мегаватты жел электр стансасын салып, оның көлемін тағы 500 мегаватқа жеткізуді жоспарлауда. Бұдан бөлек, түптеп келгенде биыл қытайлықтар мен араб компаниялары бірігіп, Сарысу ауданында 1 гегаватты жел электр стансасын салуға ниет танытуда. Ал бүгінгі күні Жаңатаста жұмыс істеп тұрған, жұмысы толықтай автоматтандырылған кәсіпорында 30 адам еңбек етуде.
Ендігі кезекте қытайлықтар «Шоқпар» жел электр стансасы бойынша 22 жел турбинасы орнатылып, екінші кезеңін іске қосу шаралары жоспарлануда. Нәтижесінде жалпы қуаттылық 200 мегаватқа дейін артпақ. Бұл стансалардың басында болған облысы әкімі Ербол Қарашөкеев алдағы уақытта қуаттылықты арттыру бойынша тағы да жобаларды қолға алу маңыздылығын, ол бойынша жергілікті билік тиісті қолдауларды көрсетуге дайын екендігін атап өткен болатын.
Сонымен бірге бүгінгі таңда Шу ауданы да мүмкіндіктерінің қолайлылығымен еліміздің энергетика саласына үлес қоса бастады. Онда қуаты 9,2 мегаваттық «Тасөткел» су электр стансасы іске қосылғанды. Жобаның инвесторы – «A&Т-Энерго» ЖШС. Бұл гидроэлектр стансасы жылына 45,6 миллион киловат сағат электр қуатын өндіруге қауқарлы. Т.Рысқұлов ауданының Қарақыстақ ауылындағы «Қарақыстақ» су электр стансасының да облысымыз үшін маңызы зор. Қуаты 2,3 мегаватты құрайтын су электр стансасы жобасының инвесторы – «ЭнергоСтройПроект» ЖШС. Бұл су электр стансасында 12 адам жұмыс істейді. Алда станса толық қуатына көшкен жағдайда ауданның 25 пайызын электр қуатымен қамтуға қауқарлы. Ал Меркі ауданындағы «Меркі-3» шағын су электрстансасы тау өзенінің жоғарғы жағында орналасқан. Жергілікті жұрт «Меркенка» деп атап кеткен тау өзенінің суын қорек қылатын Меркі СЭС-інің қуаттылығы 1,5 мегеватты құрайды. Осылайша жыл санап облысымызда жасыл экономика белдеуі қалыптасып, отандық табиғи өнім өндірушілердің қатарын артуда.
Қазақстан Республикасы «Жасыл» экономикаға» өту жөніндегі тұжырымдамасына сәйкес, 2050 жылға қарай жасыл энергия көздерінен өндірілетін қуат күшін 50 пайызға жеткізу жоспарланған. Қазіргі таңда облыста табиғат көздерінен энергия қуатын өндіру орындары нақтыланып, ол 2020-2030 жылдарға арналған болжам картасына енгізілген. Осылайша картаға сәйкес 2020-2030 жылдар аралығында жиынтық қуаты 836 мегаватты құрайтын 12 жобаның тізімі жасалған. Бұдан бөлек, облыс аумағындағы өзендерге және су қоймаларына су электр стансаларын салу бойынша болашақта жүзеге асырылатын жобалар тізімі де әзірленген. Сөйтіп 2021-2030 жылдар аралығында электр қуатын өндіретін стансалар саны 32 нысанға жеткізіліп, 1251 қуат өндіру жоспарланған. Бір атап өтерлігі соңғы жылдары табиғат көзінен энергия өндіру аймақта дұрыс жолға қойылып келеді. Ең бастысы бұл жобалар кезең кезеңмен жүзеге асырылуда.