Қарағанды облысында жасыл желекті көбейтуге бағытталған ауқымды жұмыстар жаңа кезеңге қадам басты. Новодолинский кентіндегі орман тәлімбағында қылқан жапырақты ағаш көшеттерін өсіретін, заманауи жылыжайы бар өндірістік кешеннің құрылысы басталды. Өңірде алғаш рет қолға алынған нысан толық қуатына шыққан кезде жылына 1 миллионға дейін көшет өсіруге мүмкіндік береді.
Қазір құрылыс алаңында қызу жұмыс жүріп жатыр. Мамандар алдымен аумақты дайындап, болашақ нысандардың орналасу сызбасын нақтылауда. Геодезистер арнайы өлшеу жұмыстарын жүргізіп, кешеннің өндірістік ғимараттары мен жылыжайы орналасатын жерлерді белгілеп жатыр. Жоба бойынша құрылыс жұмыстарын бір жылдың ішінде аяқтау көзделген.
Жаңа кешеннің басты ерекшелігі – орман көшеттерін өсірудің дәстүрлі тәсілін заманауи технологиямен ұштастыруында. Қылқан жапырақты ағаштарды ашық жерде өсіруге әдетте шамамен екі жыл қажет болса, жылыжай жағдайында бұл мерзім бір жылға дейін қысқарады. Яғни бір жыл ішінде отырғызуға жарамды сапалы көшеттердің көлемін арттыруға мүмкіндік туады.
Мұның орман шаруашылығы үшін маңызы зор. Өйткені көшеттің сапасы мен оның жерге отырғызылғаннан кейінгі жерсінуі орманды қалпына келтіру жұмыстарының нәтижесіне тікелей әсер етеді. Жаңа кешенде көшеттер жабық тамыр жүйесімен өсірілетіндіктен, оларды тұрақты жерге отырғызған кезде тамыры зақымданбайды. Соның нәтижесінде жас өсімдіктің жаңа ортаға бейімделу мүмкіндігі артады.
Қарағанды облысы жағдайында бұл технологияның тиімділігі ерекше. Өңірдің табиғи-климаттық ерекшеліктерін ескерсек, орман алқаптарын көбейту мен жас көшеттерді сақтап қалу оңай шаруа емес. Сондықтан тұқымнан бастап көшетке дейінгі процесті бақылауда ұстауға мүмкіндік беретін жабық технологиялар орман шаруашылығының жұмысын жеңілдетуге жол ашады.
Қарағанды ормандарды орманды молықтыру және жануарлар дүниесін қорғау шаруашылығының орман өсіру жөніндегі инженері Эдуард Крюковтің айтуынша, жылыжайда өсіру технологиясы уақытты үнемдеп қана қоймай, көшеттің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
– Көшеттерді бұрынғыдан әлдеқайда жылдам өсіре аламыз. Соның арқасында облыс сапалы егу материалымен көбірек қамтылады. Жылыжайдағы барлық үдеріс автоматтандырылған жүйе арқылы жүзеге асады. Мұнда тұманды суару мен климатты бақылау жүйесі қарастырылған. Олар өсімдіктердің өсуіне қолайлы жағдай қалыптастырады, – дейді маман.
Автоматтандыру – жаңа өндірістік кешеннің негізгі артықшылықтарының бірі. Жылыжайдағы температура мен ылғалдылықты бақылау, өсімдіктерді қажетті мөлшерде сумен қамтамасыз ету секілді процестер арнайы жүйелердің көмегімен реттеледі. Бұл адам еңбегін жеңілдетіп қана қоймай, көшеттердің біркелкі өсуіне жағдай жасайды.
Дегенмен орман өсірудің нәтижесі тек технологияға байланысты емес. Табиғаттағы әрбір ағаштың артында жылдар бойғы еңбек бар. Мамандардың айтуынша, екі жылдық көшеттің өзі небәрі 10–15 сантиметр шамасында ғана болады. Ал оның биіктігі бір метрге жетуі үшін тағы 6–7 жыл қажет. Демек, бүгін отырғызылған кішкентай көшеттің ертең саялы ағашқа айналуы ұзақ уақытты талап етеді.
– Дәннен тал шыбықтай жас ағаштың өсіп шығуы үшін ең алдымен көп еңбек пен сүйіспеншілік қажет, – дейді Эдуард Крюков.
Бұл сөз орманшылар еңбегінің ерекшелігін дәл сипаттайды. Олар бүгінгі күннің нәтижесімен ғана емес, бірнеше жылдан кейінгі табиғи ортаның жай-күйімен жұмыс істейді. Бір көшетті өсірудің өзі мұқият күтімді, тұрақты бақылауды және үлкен жауапкершілікті қажет етеді.
Жаңа өндірістік кешеннің іске қосылуы жергілікті еңбек нарығына да оң әсерін тигізбек. Жоспар бойынша мұнда шамамен 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Яғни жоба тек орман шаруашылығының материалдық базасын нығайтып қоймай, ауылдық елді мекендегі жұмыспен қамтуға да өз үлесін қоспақ.
Сонымен қатар Новодолинскийдегі орман тәлімбағының аумағын кеңейту жұмыстары да қатар жүргізілуде. Алдағы уақытта оның жалпы көлемін 80 гектарға дейін жеткізу жоспарланған. Бұл жерде өсірілген көшеттер облыстағы орманды қалпына келтіру жұмыстарына бағытталып, орман шаруашылықтарын қажетті егу материалымен қамтамасыз етпек. Осылайша өңірдің орман қорын толықтыру тек бір нысанның жұмысына тәуелді болмай, жүйелі сипатқа ие болмақ. Көшет өсіру, оны күтіп-баптау, орман алқаптарына отырғызу және кейінгі күтім жұмыстары бір-бірімен сабақтасып жатыр.
Бұл бастаманың ауқымы Мемлекет басшысының 2 млрд ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасымен де үндеседі. Осы мақсатта Қарағанды облысында ормандарды молықтыру және орман өсіру бойынша Кешенді жоспар жүзеге асырылуда. Жоспарға сәйкес 2027 жылға дейін өңірде 2310 гектар аумаққа 7 млн көшет отырғызу көзделген.
Ал биылғы көктемгі маусымның өзінде 560 гектар жерге 2,1 млн-нан астам көшет егілді. Күзгі егу жұмыстары тағы 63 гектар аумақты қамтымақ. Бұл – өңірдегі орман қорын көбейту бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымын аңғартатын нақты көрсеткіштер.
Орман – бір маусымда өсіп шығатын дақыл емес. Оның нәтижесі жылдармен өлшенеді. Сондықтан бүгін салынып жатқан жылыжай мен тәлімбақта өсірілетін әр көшет – болашақтағы жасыл алқаптың бастауы. Бір қарағанда көзге елеусіз көрінетін кішкентай өскіннің артында үлкен еңбек пен ұзақ мерзімді жоспар тұр.
Қарағанды облысында қолға алынған жаңа жоба осы тұрғыдан алғанда тек өндірістік нысанның құрылысы емес. Бұл – табиғи байлықты қалпына келтіруге, өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға және келер ұрпаққа жасыл мұра қалдыруға бағытталған ұзақ мерзімді жұмыс. Бүгін тәлімбақта тамыр жайған көшет ертең орманға айналып, өңір табиғатына өзіндік өрнегін қосары анық.