Әлеуметтік осал топтарға қолдау күшейеді

0 0

Ақмола облысында әлеуметтік осал топтарды қолдау, азаматтарды жұмыспен қамту және инклюзивті ортаны қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды жетілдіру мәселелері тұрақты назарда. Облыс әкімінің орынбасары Алтынай Әміренованың төрағалығымен өткен жұмыс кеңесінде әлеуметтік осал санаттарға жататын азаматтарды жұмыспен қамту, қандастарды қоғамға бейімдеу, мигранттарды кіріктіру, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдар үшін қолайлы еңбек жағдайларын жасау мәселелері жан-жақты талқыланды.

Жиында Ақмола облысы полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының бастығы Анна Попова, облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Мухамедин, басқарма басшысының орынбасары Нұргүл Бексұлтанова және Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті департаменті басшысының міндетін атқарушы Гүлмира Искакова баяндама жасап, өз бағыттары бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырды.

Кеңес барысында бірқатар аудан өкілдерінің есептері де тыңдалды. Олар халықты жұмыспен қамту деңгейін арттыру, қандастарды жаңа ортаға бейімдеу және инклюзивті ортаны дамыту бойынша жүзеге асырылып жатқан шаралар туралы баяндады. Бұл ретте жергілікті жерлердегі жұмыстың нәтижелілігіне, нақты азаматтарға көрсетілетін көмектің сапасына және мемлекеттік бағдарламалардың тиімді орындалуына басымдық берілді.

Әлеуметтік саясаттың тағы бір маңызды бағыты – мүгедектігі бар азаматтардың еңбек нарығына толыққанды қатысуына жағдай жасау. Бұл үшін жұмыс орындарын бейімдеу, нысандардың қолжетімділігін қамтамасыз ету, оңалту бағдарламаларын сапалы іске асыру және жұмыс берушілермен түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет. Инклюзивті орта тек арнайы инфрақұрылым қалыптастырумен шектелмей, әр азаматтың қоғамда өзін еркін сезінуіне мүмкіндік беретін жағдайды қамтуы тиіс.

Кеңесте осы мәселелерге қатысты нақты міндеттер белгіленді. Алтынай Әміренова әлеуметтік саясатты жүзеге асыру барысында ашықтық пен атаулылық қағидаттарын сақтау қажеттігін атап өтті. «Жұмысымыздың басты басымдығы – ашықтық пен атаулылық. Мемлекеттің әлеуметтік саясатындағы әрбір жаңашылдық облыстың әрбір тұрғынына түсінікті әрі қолжетімді болуы тиіс. Осыған байланысты азаматтардың өз құқықтары мен мүмкіндіктерін нақты білуі үшін ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, оны тұрақты негізде жүргізуді тапсырамын», – деді Алтынай Әміренова.

Бұл ретте ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының маңызы зор. Азамат мемлекеттік қолдаудың қандай түріне құқылы екенін, жұмысқа орналасу немесе қайта даярлау мүмкіндіктерін, әлеуметтік және оңалту қызметтерін алу тәртібін нақты білуі қажет. Сондықтан жергілікті атқарушы органдардың халықпен тікелей байланысын күшейту – әлеуметтік саясаттың нәтижелілігін арттыратын маңызды факторлардың бірі.

Жиын қорытындысында жауапты мемлекеттік органдарға, аудан және қала әкімдіктеріне бірқатар нақты тапсырма берілді. Атап айтқанда, халықтың әлеуметтік осал топтарын жұмыспен қамту деңгейін арттыру, мүгедектігі бар адамдарды оңалту бағдарламаларын сапалы жүзеге асыру, инфрақұрылым нысандарын бейімдеу және шетел азаматтарының тізімдерін жедел түрде пысықтау міндеттері жүктелді.

Әлеуметтік осал азаматтарды қолдау – тек жекелеген мемлекеттік органның емес, барлық деңгейдегі әкімдіктер мен жауапты мекемелердің ортақ міндеті. Бұл бағыттағы жұмыстардың нақты нәтижесі азаматтардың өмір сапасынан, тұрақты жұмыспен қамтылуынан және қоғамға толыққанды араласу мүмкіндігінен көрінуі тиіс.

Ақмола облысында осы бағыттағы шараларды жүйелі түрде жалғастыру көзделіп отыр. Басты мақсат – әлеуметтік көмекке мұқтаж әр азаматтың назардан тыс қалмауын қамтамасыз ету, еңбек етуге қабілетті тұрғындарға мүмкіндік беру және баршаға қолжетімді, кедергісіз орта қалыптастыру. Осы міндеттер тиімді орындалған жағдайда әлеуметтік саясаттың басты өлшемі – халықтың әл-ауқаты мен өмір сапасын арттыруға нақты ықпал етпек.