Жуырда өңірде Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Жамбыл облысы бойынша департаментінде маңызды кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараға Оңтүстік аймағының әскери прокуроры, әділет полковнигі Ермекбаев Сакен Бакытбаевич, сондай-ақ прокуратура органдарының ардагерлері – Ерлан Нургалиевич Сатыбалдиев, Маратбек Мухтарбекович Сагимбеков, Кулумбет Абдикулович Садуакасович қатысып, мерзімді әскери қызметшілермен ашық пікір алмасу өткізді.
«Сарбазға прокурорлық кеңес» атты кездесудің басты мақсаты – әскери қызметшілерді құқықтық сауаттылыққа үйрету, олардың құқықтық мәселелер бойынша сұрақтарына нақты және практикалық жауап беру. Іс-шара барысында әскери қызметшілерге әскери заңнаманы сақтау, құқықтық жауапкершілік, әскери тәртіп пен нормаларды орындау маңызды екенін атап өтті.
Ардагерлер өз тәжірибелерімен бөлісіп, әскери қызметтің ерекшеліктері, құқықтық мәселелерді шешу тәсілдері және әскери өмірде кездесетін қиындықтар туралы нақты мысалдар келтірді. Кездесу барысында жастарға құқықтық кеңестер ғана берілмей, сонымен қатар моральдық-әлеуметтік қолдау көрсетуге де баса назар аударылды.
Кездесу қорытындысы бойынша әскери қызметшілердің құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған ұсыныстар мен кеңестер беріліп, жастардың заңды сұрақтарына жауаптар берілді. Ұйымдастырушылар мұндай кездесулердің әскери тәртіпті нығайтуға және құқықтық мәдениетті арттыруға ықпал ететінін атап өтті.