Ауылда ветеринарлық пункт салынып жатыр

0 1

Тереңкөл ауданының Песчан ауылында мал дәрігерлеріне арналған жаңа ветеринарлық пункт биыл пайдалануға беріледі. Қазір нысан инвестордың өз қаражаты есебінен салынып жатыр. Кейін ғимарат бюджет қаражатына сатып алынбақ.

Жаңа нысан ауылдағы ветеринариялық қызметтің сапасын арттырып, мал шаруашылығымен айналысатын тұрғындарға көрсетілетін қызметті қолжетімді етуге мүмкіндік береді. Мұнда ветеринар мамандардың жұмыс істеуіне және қажетті шараларды жүргізуге барлық жағдай қарастырылған.

Облыстық ветеринария басқармасының мәліметінше, пункттің әкімшілік ғимаратының аумағы 50 шаршы метрді құрайды. Ғимаратта екі жұмыс кабинеті, ветеринарлық дәрі-дәрмектерді сақтауға арналған қойма, санитарлық торап, дәліз және өз-өзіне қызмет көрсету аймағы орналасады.

Нысанның ерекшелігі – ветеринариялық іс-шараларды өткізуге арналған арнайы мал қорасының қарастырылуы. Оның ұзындығы 24 метр, ені 18 метр болады. Сонымен қатар ғимаратта екі бөлек кіреберіс жасалған. Бірі қызметкерлер мен келушілерге арналған негізгі есік болса, екіншісі биоматериалдармен жұмыс істеуге бейімделген.

Жаңа пункт мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін де қолжетімді болады. Ғимаратқа пандус орнатылған. Құрылыс барысында газды блок пен қаптама кірпіш пайдаланылуда, ал төбесі металл жабындымен жабылады.

Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр. Жоспарға сәйкес, нысан қыркүйек айында инвестордан бюджет қаражаты есебінен сатып алынады. Осыдан кейін ветеринарлық пункт ауыл тұрғындарына қызмет көрсетуге толық кіріспек.

Песчан ауылындағы нысан – өңірдегі ветеринариялық инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы жұмыстардың бір бөлігі. Алдағы жылдары облыста ветеринариялық мақсаттағы бірқатар нысанды іске қосу жоспарланған. Мәселен, 2026-2027 жылдары жалпы сипаттағы трансферттер есебінен ветеринариялық мақсаттағы 172 нысанды сатып алуға 4 млрд 643 млн теңге қарастырылған. Оның ішінде 7 ветеринарлық станция, 71 ветеринарлық пункт және 94 мал қорымы бар. Жобалар типтік талаптарға сай салынады. Ветеринарлық станция мен пункттің белгіленген құны 30 млн теңгені, ал мал қорымының құны 24,5 млн теңгені құрайды.

Бұл жұмыстардың негізгі мақсаты – елді мекендердегі ветеринариялық қызметтің материалдық-техникалық базасын күшейту. Әсіресе ауылшаруашылығы негізгі кәсіптің бірі саналатын аудандар үшін мұндай нысандардың маңызы зор. Ветеринар мамандардың тұрақты жұмыс істеуіне жағдай жасалып, мал ауруларының алдын алу, диагностикалау және қажетті ветеринариялық шараларды уақытылы жүргізуге мүмкіндік артады.

Песчанда бой көтеріп жатқан жаңа пункт те осы міндетті жүзеге асыруға бағытталған. Нысан іске қосылғаннан кейін ауыл тұрғындарына ветеринариялық қызмет көрсету жүйесі бір қадам жақсара түспек.