Қаныштан қалған құнды заттар

0 15

Қазақ ұлтының аса көрнекті тұлғасы, ғасыр саңлағы, ғұлама ғалым, академик Қаныш Имантайұлы Сәт­баевтың 125 жылдық торқалы тойы Баянауылда сән-салта­натымен өтті. Іс-шарада ғұламаның ұрпақтары, сәтбаев­танушылар музейімізге бас сұғып, жәдігерлерді аманаттады.

Қаныш атамыздың жиен не­мересі, Ханиса Сәт­баеваның перзенті Әлима Жармағамбетова осы сапарында музейге арнайы келіп, Қаныш Сәтбаевтың өзі киген жасыл түсті пүліш шапанын сыйға тартты. Бұл шапанды кезінде Қаныш атамыз қызы Ханисаға «кешкілік то­ңып қалма, жамылып жүр» деп берген екен. Әлима апамыздың айтуынша, шапанды анасы Ханиса апамыз өзіне шақ етіп, жеңі мен етегін қысқартып киген.

Сонымен қатар аталған тойда құрметті қонақ болған ақын Ғалым Жайлыбай аға­мыз музей қорына Қаныш Имантайұлының қолы тиген сұр түсті кварц тасты табыс­тады. Бұл жәдігердің тарихына келсек, кезінде Қаныш Имантайұлы экспедициядан екі тас әкелген. Бірі зертханаға тапсырылса, екіншісін академик Айтжан Абдуллинге сыйлаған. А.Абдуллин 1998 жылы Кәкімбек Салықов бас­­қарған Сәтбаев қорына тапсыр­ған екен. Осы кезең­дерде Ғалым Жай­лыбай аға­мыз қорда қызмет еткен.

Академик Қ.И.Сәтбаевтың Баянауыл мемориалдық му­зейі әрдайым Қаныш аға­мыз­дың қолы тиген осындай құн­ды жәдігерлермен толығып келеді.