Тарих қатпарында бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеген батыр аналарымыз аз емес. Сонау Томиристен бастап, бертіндегі Мәншүк, Әлия, Ләззаттардың ерлігі кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Бүгінде сол қаһарман қыздарымыздың ізін жалғап келе жатқан қаракөздеріміз баршылық. Соның бірі – облысымыздың тумасы Аружан Миравилдаева. Аружан жақында түйе үстінде жамбы атудан еліміз бойынша тұңғыш рет Гиннес рекордтар кітабына енді.
Бала кезден жылқыға жаны құмар Аружан бес жасынан бастап атқа мініп, асауларды қолға үйреткен. Оның айтуынша, жуас жылқыдан гөрі асауды ырқыңа көндіру ерекше әсер сыйлайды екен.
– Бала кезден жылқы малын ерекше жақсы көремін. Малды ауылда өскендіктен, көзімізді ашқаннан көргеніміз төрт түлік болды. Сондықтан, 5 жасымнан бастап атқа мініп, асау тайларды өзім жуасытып алатынмын. Жуас жылқыға мінуге бәрі де әуес. Мен керісінше, жуас жылқыны тебініп қамшылай бергеннен гөрі асауды шалма тастап ұстауға аңсарым ауады да тұрады. Өз басым жылқының мінез-құлқын алғаш тізгіндеп мінгеннен-ақ байқай қоямын. Маған жануарлармен тіл табысқан ұнайды, – дейді Аружан.
19 жастағы қаракөзіміз қазір Қазақ ұлттық педагогикалық қыздар университетінде «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша білім алуда. Одан бөлек, Алматы қаласы шетіндегі «Топжарған» этноөнер орталығында асау жылқы мен түйе үйретіп қызмет етуде.
– Былтыр Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық педагогикалық қыздар университетіне оқуға түстім. Оқу орнында оқып жүргенімде маған «Топжарған» этноөнер орталығының басшысы Ғабит Таңатов хабарласып, жұмысқа шақырды. Мұнда өзімнің сүйікті ісіммен айналысатын болғандықтан, бірден келістім.
2023 жылдың жаз айында орталыққа Шымкенттегі Созақ ауданынан екі асау түйе алып келдік. Ол түйелерді үйрету керек болған соң ауылдан өзімнің атамды шақырттым. Атам түйенің мұрындығын салып, оны қалай үйрету керегін көрсетті. Кейін сол орталықтағы шабандоздар болып екі түйені мініп, үйретіп алдық. Есесіне сол уақыт аралығында мен садақ атуды да үйреніп, жамбы атып жүрдім. Ептілігімді байқаған орталық басшысы маған түйе мініп, садақ атуды байқап көруге кеңес берді. Алайда, бұл оңайға соқпады. Жамбыны жылқы үстінде ату үйреншікті нәрсе болса, ал түйемен жамбы атудың қиыншылығы көп болды. Содан секундына дейін есептеп үш жарым ай жаттықтым. Сан мәрте түйеден де құладым. Алайда, алған бетімнен қайтпай, соңы жетістікке жеттім, – дейді қаракөзіміз.
Аружан түйе үстінде арақашықтығы 30 метр болатын 3 нысанды 12 секундта дөп атып, рекорд орнатқан. Сол шеберлігі үшін Гиннес рекордтар кітабына енген Қазақстандағы алғашқы адам атанып отыр.
– Маған «Қазақстанда тұңғыш» деген сөздің өзі үлкен жетістік. Себебі, түйе тұрмақ, жылқы үстінде жамбы ататын қыздар қазір өте сирек. Сондықтан, қазақ ұлты үшін түйемен садақ атудың қандай қадірлі екенін ұлықтай алсам, одан асқан бақыт жоқ.
Алдағы уақытта шеберлігімді тағы шыңдай түссем деп отырмын. Сондай-ақ биыл Астана қаласында өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойынына қатысып, ел намысын қорғамақпын, – дейді Аружан.
Иә, сөз жоқ, Аружанның бойындағы қайсарлық қандай мақтауға да лайық. Әрі бұл бүгінгі буынға үлгі-өнеге екені даусыз. Аружан жылқы мен түйе баптаудан бөлек, құсбегілікпен де айналысады. Қолына қыран қондырған қаракөзіміз бірнеше жарысқа қатысып, жүлделі орындарға іліккен. Алайда, Аружанның өзі жылқымен жаны бір екенін айтады. Егер бірер күн жылқыға мінбей қалса, басы ауырып, жабырқаулы күйге түседі екен. Ал атқа қонса, барлық қайғы мен мұңды ұмытады.
– Меркі ауданында тұрып жатқан кезімізде қой да бақтым. Сол кезде ұғынғаным жылқы малдың төресі екен. Жылқыға мініп жапан далаға қанатымды жайып шабуға аңсарым ауады да тұрады. Оған қоса, жылқымен жаның бір болса, оның тілін де ұғасың.
Ауылда «Император» есімді сәйгүлігім бар. Сол «Император» мені қандай қиындық болса да тастап кеткен емес. Қыс айларында боранда қалып кетсек, менімен бірге болып, ауылға жол тауып келіп, талай аман алып қалды. Сондықтан, мен «Қамбар ата» түлігіне қарыздармын десем де болады, – дейді ол.
Аружан төрт түлікке қатысты бар өнерді атасынан бойына сіңіріп отыр. Қазір ол қой сойып, еркекке тән тірліктерді де жасай береді. Қой сою бойынша додаға түсіп, ол жерде де өз шеберлігін танытқан.
Кейіпкеріміздің өзі болашақта актриса болуды армандайды. Тұлпарымен тарихи киноларға түсуді алдына мақсат тұтқан. Біз Аружанның арманына жетіп, ел атын танытатын ару болып өсуін тілейміз. Әрі қазақтың осындай қайсар қыздарынан өзге қаракөздеріміз үлгі алса игі.