Зерендідегі халықаралық марафон

0 4

Зеренді көлінің жағалауында бұқаралық спортты дамытуға бағытталған ауқымды дода өтті. Биыл бесінші рет ұйымдастырылған ZERENDA HALF MARATHON халықаралық жарысына 1500-ге жуық спортшы қатысып, бірнеше қашықтық бойынша өзара бақ сынады.

Жарысқа Қазақстанмен қатар Ресей, Германия, Польша, Италия, Словения, Венгрия, Ұлыбритания, АҚШ, Беларусь және Өзбекстаннан келген кәсіби жүгірушілер мен әуесқой спортшылар қатысты. Марафонның халықаралық деңгейде өтуіне трассалардың World Athletics талаптарына сәйкестігі де мүмкіндік берді. Қашықтықтары арнайы сертификатталған жолдарда белгіленіп, жарыс халықаралық стандарттарға сай ұйымдастырылды.

Спортшылар үшін бұл дода тек уақыт пен нәтижені саралайтын жарыс емес, Зеренді табиғатын тамашалауға мүмкіндік беретін ерекше спорттық шараға айналды. Қатысушылар көлді айнала өтетін асфальтталған жолдармен жүгіріп, орманды алқаптар мен төбелі жерлерді басып өтті. Табиғи ландшафт жарыс бағытының басты ерекшеліктерінің бірі болды.

Марафон бағдарламасы әр жастағы және әр деңгейдегі қатысушыны қамтыды. Ұйымдастырушылар балалар жарысынан бастап жартылай марафонға дейінгі алты бағытты ұсынды. Сондай-ақ 30 шақырымдық қашықтық бойынша жүгіру ұйымдастырылып, скандинавиялық жүрісті таңдағандар үшін Nordic Walk 10 km бағыты қарастырылды.

Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев жарыстың бес жыл ішінде тұрақты спорттық дәстүрге айналғанын атап өтті. Оның айтуынша, қатысушылар санының жыл сайын өсуі өңірде бұқаралық спортқа деген қызығушылықтың артқанын көрсетеді.

«Бес жыл ішінде бұл марафон жақсы спорттық дәстүрге айналды. Жыл сайын қатысушылар мен қонақтардың саны артып келеді. Біз үшін осындай іс-шараларды дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау және адамдарды спортқа тарту маңызды», – деді ол.

ZERENDA HALF MARATHON-ның ауқымының кеңеюі Зеренді өңірінің спорттық туризм үшін де тартымды бағыт ретінде қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Халықаралық жарысқа шетелдік және отандық спортшылардың қатысуы ауданның туристік әлеуетін танытуға қосымша мүмкіндік берді.

Жарысты «Экстремальная атлетика» қоғамдық бірлестігі, Ақмола облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы және Зеренді ауданының әкімдігі бірлесіп ұйымдастырды. Бесінші мәрте өткен марафон осылайша спортты, белсенді өмір салтын және табиғи туризмді тоғыстырған ірі өңірлік шаралардың біріне айналды.