Бесінші жағажай абаттандырылды

0 3

Алматы облысының орталығы Қонаев қаласында жаңа жағажай пайдаланылуға берілді.

– Алға қойылған маңызды бағыттың бірі – туризм саласын дамыту. Бүгінгі таңда Қонаевта 140 демалыс нысаны қызмет етуде. 2023 жылғы шомылу маусымында қаламызға 1,2 миллион турист келсе, биыл 1,3 миллион демалушыға қызмет көрсету жоспарланып отыр. Қалада туризмді дамыту мақсатында бюджет тарапынан да, жеке инвесторлар тарапынан да тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бүгін, міне, бесінші қалалық жағажай абаттандырылып, қала тұрғындары мен қонақтарына қолданысқа беріліп отыр, – деді жағажайдын ашылу салтанатында қала әкімі Асхат Бердіханов.

Аталған жағажайдың жалпы аумағы 2,7 гектарды құрайды. Мұнда футбол, воллейбол, воркаут, балалар ойын алаңдары, үстел теннисі орнатылған. Суға түсу орны мен дәретхана, шатырлар, пирс, жасыл аймақ, бизнес нысандары, балалар бассейні, автотұрақ та бар. Құтқарушыларға арналған екі орын қойылған. Жағажайдың келбетін шағын сәулет нысандары келтіріп тұр. Инженерлік желілер тартылып, халыққа қолайлы жағдай жасалған.

Жағажайға кіру құны – бір көлікке 1000 теңге. Нысан бюджет қаржысына салынған.

Алдағы уақытта қаладағы №6 және №7 жағажайларды абаттандыру жоспарланып отыр. Ал №8 жағажай инвесторлар қаржысына салынып, аттракциондар паркіне айналмақ.