1,5 миллион тоннадан астам өнім жиналды

0 5

Алматы облысының шаруалары биылғы егін науқанын қорытындылауға кірісті. Қазірдің өзінде өңірдегі алқаптардың басым бөлігінен өнім жиналып, 1,5 миллион тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімі қамбаға түсті. Дегенмен кейбір дақылдар бойынша дала жұмыстары әлі де жалғасуда.

Биыл облыста егіс көлемі 440 мың гектарды құрады. Соның 334 мың гектарындағы жұмыстар аяқталған. Астықты алқаптардың шамамен 60 пайыздан астамы орылып, дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды жинау науқаны соңғы кезеңіне жақындады.

Шаруалар арпаны жинауды толық аяқтады. Бұл дақылдан 152 мың тоннадан астам өнім алынған. Бидай мен сұлының да негізгі бөлігі қамбаға жеткізілді. Ал жүгері мен күріш алқаптарында науқан енді басталып келеді. Мәселен, биыл 5,2 мың гектарға егілген күріштен 22,2 мың тонна өнім алу жоспарланған.

Егіс даласындағы жұмыс тек астықпен шектелмейді. Майлы дақылдардан әзірге 32,5 мың тонна өнім жиналды. Бақша дақылдарының өнімі 73,7 мың тоннаға жетіп, бұл бағыттағы жұмыс аяқталды. Қысқы мал азығын әзірлеу де назардан тыс қалған жоқ. Қазірдің өзінде 765 мың тоннадан астам жемшөп дайындалған.

Ал көкөніс алқаптарында тіршілік әлі қызу. Әсіресе Райымбек ауданында картоп жинау жұмыстары қарқын алған. Мұндағы шаруалардың биылғы өнімі енді жергілікті нарықпен шектелмей, өнеркәсіптік өндіріске де бағытталып отыр.

Соның бір мысалы – «Алтын дән-1» өндірістік кооперативі. Шаруашылық «PepsiCo» компаниясымен жасалған келісім негізінде чипсы өндірісіне арналған картопты жинап, өңдеу кәсіпорнына жөнелтуді бастады. Алғашқы 20 тонна өнім жеткізілген. Ендігі жоспар бойынша әр екі күн сайын екі жүк көлігі картоп тиеп, кәсіпорынға аттанады.

Кооператив биыл 200 гектарға картоп отырғызған. Оның 160 гектары өнеркәсіптік өңдеуге арналған болса, 40 гектарында тұқымдық материал өсірілген. Келісімшарт аясында барлығы 3 мың тонна картоп тапсыру жоспарланған. Қазір шаруалар алдағы 1,5 ай ішінде негізгі көлемді жинап алуды көздеп отыр.

Кооператив төрағасы Дулат Құлмамыровтың айтуынша, ауа райының құрғақ болғанына қарамастан, заманауи суару жүйесі өнімді сақтап қалуға мүмкіндік берген. Шаруашылықта жаңбырлатып суару технологиясы қолданылған. Соның нәтижесінде картоптың өнімділігі гектарына шамамен 20 тоннаға жетіп отыр.

«Құрғақшылыққа қарамастан, су тапшылығын сезінген жоқпыз. Қазір алғашқы өнімді жөнелттік. Жұмыс қазан айының ортасына дейін жалғасады. Өнімнің сапасы көңілден шығып отыр», – дейді кооператив басшысы.

Картоп өсіруде тәжірибесі қалыптасқан Райымбек ауданында биыл бұл дақыл 2 400 гектарға орналастырылған. Ендігі міндет – ауа райы қолайлы тұрған кезеңді тиімді пайдаланып, өнімді уақытылы жинап алу.

Шаруалардың айтуынша, жиын-терім науқанын белгіленген мерзімде аяқтауға қажетті техника мен жанар-жағармай жеткілікті. Сондықтан алқаптағы жұмыс күн сайын жалғасып, жиналған өнім өңдеуге және сақтауға жөнелтіліп жатыр.

Биылғы науқан ауыл шаруашылығында еңбекпен қатар технологияның да маңызы артып келе жатқанын көрсетті. Әсіресе су үнемдеу тәсілдерінің қолданылуы ауа райы қолайсыз болған жағдайда өнімді сақтауға мүмкіндік беріп отыр. Ал жергілікті картоптың ірі өндіріс орнына жөнелтілуі өңір шаруалары үшін жаңа өткізу нарықтарының қалыптасып келе жатқанын аңғартады.