Жыраулық өнер – тағылым мектебі

0 2

Қазақ халқының ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан асыл қазыналарының бірі – жыраулық өнер. Бұл – тек өнер ғана емес, ұлттың рухани дүниесін қалыптастырған, елдік пен бірлікті насихаттаған тағылым мектебі. Жыраулық дәстүр ұрпақтан ұрпаққа қанмен емес, тәлім мен өнеге, ұстаз бен шәкірт сабақтастығы арқылы жеткен киелі мұра болып саналады.

Тамыры тереңге бойлаған жыраулық дәстүр Қорқыт атадан бастау алып, Қарахан және Алтын Орда кезеңдерінде дамып, Қазақ хандығы тұсында биік рухани институт дәрежесіне көтерілді. Жыраулар ел тағдырын толғап, халықтың мұң-мұқтажын жеткізіп қана қоймай, қажет кезде ханға кеңес беріп, қоғамдағы бірлік пен тұрақтылықтың сақталуына ықпал еткен.

Жыраулар поэзиясының негізгі өзегі – елдің амандығы, ұлттың болашағы мен қоғамның тұтастығы. Сондықтан олар халықты алауыздықтан сақтандырып, татулық пен ынтымаққа үндеді. Ел ішінде дау туындаса, бітімге шақырып, халықтың рухын көтерген де осы жыраулар болатын. Қиын-қыстау кезеңдерде елмен бірге атқа қонып, ерлік пен елдікті жырлаған жыраулардың мұрасы бүгінгі күні де өз маңызын жоғалтқан жоқ.

Қазіргі ақпараттық қоғамда жастардың санасына түрлі жат идеологиялар ықпал етуге тырысуда. Осындай кезеңде жыраулар насихаттаған сабыр, парасат, адамгершілік, рухани тазалық және елге қызмет ету идеялары жастарды теріс ағымдардан қорғайтын рухани қалқан қызметін атқара алады. Жыраулық мұра – тек әдеби дүние емес, ол ұлттық болмысты сақтап қалудың маңызды тетігі.

Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов жыраулардың қоғамдағы орнын ерекше бағалап, оларды елдің ақылшысы, сыншысы әрі бағыт берушісі ретінде сипаттаған. Оның пікірінше, жыраулар тек жыр айтушы емес, халықтың тағдырын ойлаған кемеңгер тұлғалар болған. Олар хан мен халықтың арасындағы алтын көпір қызметін атқарып, ел мүддесін бәрінен биік қойған.

Жыраулардың толғауларынан олардың көрегендігі мен рухани тереңдігін айқын аңғаруға болады. Бұл қасиеттер Абайдың «толық адам» тұжырымымен де үндеседі. Ал Шәкәрім Құдайбердіұлы жүрек тазалығын әулиелікпен байланыстырып, адам бойындағы мейірім мен адалдықты жоғары бағалаған. Осы тұрғыдан алғанда жыраулардың ел мен жерге деген сүйіспеншілікке толы жырлары олардың биік рухани деңгейін көрсетеді.

Ғалым Мұхтар Мағауин де жырауларды тек ақын емес, ел бастаған көсем, батыр, би әрі абыз ретінде бағалайды. Оның пікірінше, жыраулар халықтың рухани тірегіне айналып, елдің тағдырлы мәселелерінде маңызды рөл атқарған.

Қазақ жырауларының дүниетанымы дәстүрлі ислам құндылықтарымен тығыз байланысты болды. Асан қайғы, Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Ақтамберді, Бұқар жырау сынды тұлғалардың шығармаларында имандылық, әділдік, сабыр мен адамгершілік кеңінен көрініс тапқан. Жыраулар халыққа ислам дінінің мәнін түсінікті тілмен жеткізіп, рухани тәрбие беруді мақсат етті.

Мәселен, Бұқар жыраудың «Бірінші тілек тілеңіз» атты толғауында адам өмірінің мәні, ар-ождан, намыс, бес уақыт намаз, жақсы мінез секілді ұғымдар терең философиялық мазмұнда жырланған. Бұл жырлардан жыраулардың діни сауаты мен рухани танымының биіктігін байқауға болады.

Сондай-ақ зерттеушілер жыраулар поэзиясынан сопылық дүниетанымның белгілерін де анық көреді. Асан қайғы мен Шалкиіз жырау толғауларындағы астарлы ойлар, адамды нәпсімен күресуге шақыратын тұжырымдар – соның дәлелі. Олар дүниенің өткіншілігін еске салып, халықты сабыр мен қанағатқа үндеген.

Жыраулардың басты мұраты – халықтың бірлігі мен елдің амандығы болды. Олар өз шығармалары арқылы иман, әділдік, адамгершілік, отансүйгіштік секілді құндылықтарды дәріптеп, қоғамның рухани иммунитетін қалыптастыруға қызмет етті. Бұл қасиеттер бүгінгі радикализм қаупі күшейген кезеңде ерекше маңызға ие.

Уақыт өткен сайын жыраулар мұрасының қадірі артып келеді. Жаһандану дәуірінде ұлттық сананы сақтап қалу, жастарды жат ағымдардың ықпалынан қорғау үшін бабалар мұрасын кеңінен насихаттау аса қажет. Өйткені жыраулар сөзі – елдің бірлігі мен рухани тұтастығын сақтайтын мәңгілік құндылық.

Сондықтан жыраулар мұрасын жас ұрпақ тәрбиесінде кеңінен пайдалану, оны дәріптеп, келешекке жеткізу – баршамыздың ортақ міндетіміз. Бұл – ұлттық бірегейлікті нығайтудың және қоғамның рухани қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды жолы.