Көлсай – табиғат пен туризм тоғысқан мекен

0 3

Еліміздің ең көрікті табиғи аймақтарының бірі саналатын Көлсай көлдері бүгінде Қазақстан туризмінің брендіне айналды. Тылсым табиғаты, мөлдір көлдері мен қалың қарағайлы орманы жыл сайын мыңдаған туристі өзіне тартады. Әсіресе жаз мезгілінде мұнда келушілер легі еселеп артып, демалушылар қарасы бір сәтке де толастамайды.

Биылғы жылдың алғашқы бес айында ғана «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне 120 мыңнан астам турист келген. Оның елу мыңға жуығы шетелдік қонақтар. Үндістан, Жапония, Қытай, Оңтүстік Корея, Түркия, Франция, Ресей және Ұлыбританиядан келген саяхатшылардың қызығушылығы жылдан-жылға артып келеді. Бұл – қазақстандық туризмнің халықаралық деңгейде танылып келе жатқанын аңғартады.

Соңғы жылдары ұлттық парк аумағында туристерге қолайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінген. Демалыс орындары жаңартылып, сервистік қызмет түрлері көбейген. Жылдың төрт мезгілінде де келушілерге қолайлы инфрақұрылым қалыптасып келеді. Туристердің қауіпсіздігі, тазалық пен экологиялық талаптардың сақталуы басты назарда.

Бүгінде ұлттық парк аумағында экологиялық және танымдық бағыттағы тоғыз туристік маршрут жұмыс істейді. Олар арқылы келушілер Көлсай мен Қайыңды көлдерін, Саты асуын, Сарыбұлақ асуын, Қыземшек тауын, Мәжі көлін және өзге де көрікті орындарды аралай алады. Сонымен қатар атпен серуендеу, қайықпен жүзу, балық аулау, шатыр тігіп тынығу секілді қызметтер де ұсынылады.

«Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің директорының орынбасары Хамит Ахметовтің айтуынша, туристік әлеуетті арттыру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.

– Ұлттық парк аумағында туризмді дамытуға арналған инвестициялық жобалар қарқынды іске асырылуда. Қазіргі таңда визит-орталықтар, экоқонақүйлер, глэмпингтер мен қоғамдық тамақтану орындарының құрылысы жүргізілуде. Сонымен бірге Төменгі және Ортаңғы Көлсай көлдерін жалғайтын аспалы жол салу жобасы қолға алынған. Жалпы құны 15 миллиард теңгені құрайтын бұл жоба 2028 жылы пайдалануға берілмек. Оның іске қосылуы мүмкіндігі шектеулі жандар мен егде жастағы туристердің табиғаттың көркін еркін тамашалауына мүмкіндік береді, – дейді ол.

Ұлттық паркте туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылған. Өткен жылы алғаш рет жедел құтқару стансасы ашылып, арнайы құтқару қайықтары пайдалануға берілді. Тікұшақ қонатын алаң салынып, жағалау маңында құтқарушы-инспекторлар тұрақты кезекшілікке кірісті. Сонымен қатар аумаққа бейнебақылау камералары орнатылып, өртке қарсы техникалар жаңартылған.

Экологиялық тазалықты сақтау мәселесі де ерекше назарда. Ұлттық парк аумағында жыл сайын еріктілердің, жастардың және парк қызметкерлерінің қатысуымен экологиялық акциялар өткізіледі. Биыл «Таза Қазақстан» акциясы аясында жиырмадан астам сенбілік ұйымдастырылып, мыңдаған көшет отырғызылды. Аумақтан бірнеше тонна тұрмыстық қалдық шығарылып, табиғаттың тазалығын сақтауға бағытталған жұмыстар тұрақты жүргізілуде.

Көлсайға апарар жолдың бойындағы Саты ауылы бүгінде туризмнің игілігін көріп отырған елді мекендердің біріне айналған. Мұнда қонақүйлер, демалыс үйлері, ұлттық тағам ұсынатын дәмханалар көбейіп келеді. Биыл ауылдан ұлттық паркке дейінгі жол бойына жарық шамдарын орнату басталған. Сонымен бірге өзен жағалауын абаттандыру және жаңа серуендеу аймағын салу жобалары қолға алынған. Ал Саты ауылынан Қайыңды көліне дейінгі автожолдың құрылысы аяқталуға жақын.

Туристер ерекше қызығушылық танытатын орындардың бірі – Қайыңды көлі. 1911 жылғы жер сілкінісінен кейін пайда болған табиғаттың бұл ерекше туындысы бүгінде әлемнің түкпір-түкпірінен келген саяхатшыларды тамсандырып келеді. Су астында сақталған шырша діңдері мен көлдің жасыл реңкі оның табиғи ерекшелігін айқындай түседі.

Өткен жылы Қайыңды көліне 180 мыңнан астам турист барған. Олардың басым бөлігі шетелдік саяхатшылар. Келушілерге қолайлы жағдай жасау мақсатында жаяу жүргіншілер жолдары, демалыс орындары, пирстер, заманауи әжетханалар салынған. Биыл көл жағасына түсетін жаңа темір баспалдақ пен қосымша жаяу жүргіншілер жолын салу жоспарланып отыр.

Әрине, туристер санының артуы жаңа міндеттерді де жүктейді. Электр қуатының тапшылығы, кәріз жүйесін жетілдіру және инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар әлі де жалғасуы тиіс. Дегенмен бүгінде қолға алынған жобалар толық жүзеге асса, Көлсай мен Қайыңдының туристік әлеуеті еселеп артып, халықаралық деңгейдегі демалыс аймағына айналары анық.

Табиғаттың қайталанбас сұлулығы мен заманауи туристік инфрақұрылым үйлесім тапқан Көлсай бүгінде Қазақстанның ғана емес, Орталық Азиядағы ең тартымды туристік бағыттардың біріне айналып келеді.