Қызылорда облысында жергілікті өндірісті дамытуға және отандық өнім көлемін арттыруға басымдық берілуде. Өңірде құрылыс материалдарынан бастап ауыл шаруашылығы өнімдеріне дейін түрлі бағыттағы кәсіпорындар бой көтеріп, ішкі нарықтың сұранысын өтеуге үлес қосып келеді.
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев бірқатар кәсіпкерлік нысанды аралап, өндірістің қазіргі жағдайымен танысты. Сапар барысында жаңа жобалардың іске қосылу барысы, өндірістік қуатты арттыру және кәсіпкерлерге қажетті қолдау мәселелері талқыланды.
Алдымен аймақ басшысы Белкөл кентіндегі «Вега Пром» ЖШС-ның автоклавты газоблок пен құрғақ құрылыс қоспаларын шығаратын зауытында болды. Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты – 30 мың текше метр. Өндіріс орны іске қосылғанда 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Қазіргі уақытта зауытта техникалық іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Жоба аясында кәсіпорынға 3 гектар жер телімі беріліп, қажетті құрал-жабдықтар мен арнайы техникалар Қытайдан жеткізілген. Өндірісті толық қуатында іске қосу қыркүйек айына жоспарланып отыр.
Белкөлдегі өндірістік аймақта асфальтбетон шығаратын «Орда автодор» ЖШС да жұмысын бастаған. Кәсіпорын жобаға шамамен 1 млрд теңге инвестиция салып, өндірісті өз қаражаты есебінен іске қосқан. Мұнда сағатына 60 тонна асфальтбетон қоспасы өндіріледі. Қазіргі таңда кәсіпорын өнімі ішкі нарықтағы сұранысты қамтамасыз етіп отыр.
Өңірдегі кәсіпкерлік жобалардың қатарында туризм саласына бағытталған нысандар да бар. Қала орталығында салынып жатқан «Пана Қаракөз» қонақүйінде 70-ке жуық нөмір қарастырылған. Нысанда келушілерге қолайлы жағдай жасау үшін заманауи технологияларды енгізу жоспарланып отыр. Ғимаратта ұлттық нақыштағы «Tary» этно-кофеханасы да жұмыс істейді. Қазір қонақүйдің ішкі әрлеу және сыртқы қаптау жұмыстары жүргізілуде. Нысанды биыл пайдалануға беру көзделген.
Ауылшаруашылығы бағытындағы жобалар да өңір экономикасына өзіндік үлес қосып келеді. Облыс әкімі «Хан Бекіре» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативінің жұмысымен танысты. Құны 31,4 млн теңге болатын жоба балық шаруашылығын дамытуға бағытталған. Кәсіпорында бекіренің бірнеше түрі мен форель өсіріліп, өнім облыс аумағында саудаға шығарылады.
Сондай-ақ Мұрат Ергешбаев «Шапағат» жеке кәсіпкерлігінің жылыжай шаруашылығын аралады. Мұнда заманауи технологиялар қолданылып, маусымаралық кезеңде көкөніс пен жеміс-жидек өсіру қолға алынған. Кәсіпкер 45 млн теңге инвестиция жұмсаған жылыжайдың аумағы 1 200 шаршы метрді құрайды. Қазір онда Ташкент лимоны мен қиярдың бірнеше түрі өсірілуде.
Жергілікті кәсіпорындардың жұмысымен танысу барысында облыс әкімі өндіріс көлемін ұлғайту, өнім сапасын арттыру және жаңа жобаларды тиімді іске қосу мәселелеріне назар аударды. Жауапты сала басшыларына кәсіпкерлерге қажетті қолдау көрсету және өндірістік жобалардың жүзеге асу барысын бақылауда ұстау жөнінде тапсырмалар берілді.
Өңірдегі бұл жобалар жергілікті өндірісті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және нарықтағы отандық өнім үлесін арттыруға мүмкіндік береді. Әсіресе құрылыс материалдары, азық-түлік және ауылшаруашылығы бағытындағы өндірістердің дамуы облыстың ішкі нарықтағы қажеттілігін өтеуге ықпал етпек.
Жаңа кәсіпорындардың іске қосылуы – экономиканы әртараптандырудың маңызды тетігі. Сондықтан алдағы уақытта да өндірісті кеңейтуге ниетті кәсіпкерлерді қолдау және жергілікті өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағытындағы жұмыстар жалғаса береді.