Жас робототехниктер әлемдік додадан жүлдемен оралды

0 1

Қарағандының жас робототехниктері Бейжіңде өткен FIRST LEGO League Asia Open Championship 2026 халықаралық чемпионатында ел намысын абыроймен қорғады. Әлемнің 30-дан астам елінен жиналған 500-ден астам команданың басын қосқан байқауда «Мұрагер» мектебінің ASTRIX командасы жүлделі ІІІ орынға ие болса, «Дарын» мектебінің Ancient-TREX командасы арнайы Breakthrough Award – «Жыл серпілісі» марапатын жеңіп алды.

Бейжіңдегі халықаралық чемпионатқа 5 мыңнан астам қатысушы жиналды. Қарағандылық оқушылар бұл додаға оңайлықпен жеткен жоқ. Олар алдымен өңірлік және республикалық іріктеу кезеңдерінен өтіп, кейін Астанада өткен Central Asia FIRST Championship жарысында жоғары нәтиже көрсетті. Осылайша халықаралық чемпионатқа жолдама алды.

Ancient-TREX командасы үшін Бейжіңдегі жарыс – әлемдік деңгейдегі алғашқы тәжірибе. Соған қарамастан, жас робототехниктер бірден арнайы жүлдеге қол жеткізді. Команда мүшесі Ералы Болатовтың айтуынша, бұл марапат оқушылардың робот жасау, зерттеу жобасы, командалық жұмыс және FIRST құндылықтары бағыттарындағы жан-жақты дайындығын көрсетті.

Қарағандылықтардың халықаралық додада ұсынған жобасы да ерекше. Оқушылар археологияны заманауи IT технологияларымен ұштастырып, тарихты ойын арқылы үйретуге арналған интерактивті платформа әзірлеген. Жобаға 3D артефактілер мен түрлі танымдық тапсырмалар енгізілген. Биыл оқушылар жобаны жетілдіріп, Arduino технологиясын да қосты.

Жобаның негізгі өзегіне Ұлы Жібек жолы алынған. Бұл арқылы оқушылар Қазақстан мен Қытайдың тарихи байланысын танытуды көздеген. Ойын барысында ежелгі өркениеттер туралы бейнематериалдар автоматты түрде көрсетіліп, қатысушы тарихи деректерді ойын элементтері арқылы меңгереді.

Жас өнертапқыштар үшін чемпионат тек жүлде емес, үлкен тәжірибе алаңы болды. Төрешілер алдында жобаны таныстыру кезінде тілдік кедергі туындағанымен, алдын ала дайындықтың арқасында команда бұл сынақтан сүрінбей өтті.

Команда жетекшілерінің бірі, «Дарын» мектеп-лицейінің информатика пәні мұғалімі Назира Смағұлованың айтуынша, Ancient-TREX небәрі бір жыл бұрын құрылған. Қысқа уақыт ішінде халықаралық деңгейдегі додаға қатысып, жүлдеге ие болуы – оқушылардың табандылығы мен жүйелі дайындығының нәтижесі.

Енді жас робототехниктер жаңа оқу жылында Бейжіңде жинаған тәжірибелерін саралап, жаңа жобаларға дайындықты жалғастырмақ. Олардың мақсаты – технология мен білімді ұштастыра отырып, келесі халықаралық жарыстарда бұдан да биік белестерді бағындыру.

Қарағандылық оқушылардың бұл жетістігі жас ұрпақтың робототехникаға деген қызығушылығы артып келе жатқанын көрсетеді. Ең бастысы, халықаралық додада топ жарған жас дарындар елдің технологиялық әлеуетін танытып, замандастарына жаңа мақсаттарға ұмтылуға жол көрсетті.