Бес күнге созылған «Ұлы дала жорығы-2024» марафон-бәйгесі өз мәресіне жетті. Ат спорты әуесқойлары мен еліміздің әр өңірінің өкілдерін біріктіретін спорт әлеміндегі ерекше оқиға қазақтың көрнекті геолог-ғалымы Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналып отыр.
Марафон-бәйгеде еліміздің 18 аймағынан келген 90-ға жуық шабандоз бақ сынады. Әр өңірдің іріктеуінен іркілмей өткен үздіктер Павлодар облысынан Астана қаласына дейінгі 500 шақырымдық жолды бес күнде шауып өтіп, сөре сызығын Жетісу облысының шабандоздары бірінші қиып (жалпы уақыты 32 сағат 40 минут 18 секунд), аламанның жеңімпазы атанды. Бұл команда, осымен екінші рет марафон бәйгеде топ жарып отыр. Екінші орын – Маңғыстау облысына (33 сағат 05 мин. 30 сек.) бұйырса, үздік үштікті Алматы қаласы (33 сағат 31 мин. 08 сек.) түйіндеді. Төртінші орынды Жамбыл облысы құрамасы (34 сағат 22 мин. 03 сек.), бесінші орынды Астана қаласының командасы (37 сағат 10 мин. 32 сек) иеленді.
Жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек, Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов, марафон-бәйгенің тең ұйымдастырушысы Әлібек Әлденей, «JORYQ» ат спорты федерациясының президенті Бақытжан Тұрлыбеков, Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Аманжол Әлтай және Қазыбек Әлішев қатысты.
Бәйге шартына сәйкес алғашқы үш жүлдегер команда бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары алдында 3-7 қыркүйек аралығында өтетін халықаралық марафон-бәйгеде ел намысын қорғайтын болады. Халықаралық кезеңге шет мемлекеттерден кемінде 15 команда қатысады деп күтілуде (Түркия, Сауд Арабиясы, Моңғолия, Венгрия, Түрікменстан, Иран, Өзбекстан және тағы басқа).
Жобаның ұйымдастырушылары – ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы мен «JORYQ» федерациясы. Қолдау көрсетушілер – «Аманат» партиясы, Павлодар облыстық әкімдігі, Қазақстан Республикасы спорт және туризм министрлігі.