Жеміс-жидек өңдейтін зауыт ашылды

0 0

Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы Тескенсу ауылында жеміс-жидек пен көкөністі қайта өңдеуге арналған жаңа зауыт пайдалануға берілді. «Qazaq Global Food JV» кәсіпорны агроөнеркәсіп саласындағы ірі инвестициялық жоба ретінде іске қосылып отыр.

Жобаның жалпы инвестиция көлемі 9,5 миллиард теңгені құрайды. Кәсіпорын жылына 70 мың тоннаға дейін ауыл шаруашылығы өнімін өңдеуге қауқарлы. Алғашқы кезеңде өндіріс іске қосылып, екінші зауыттың іргетасы қаланды.

Өндірістік кешенді «Alpecon Group» жүзеге асыруда. Алғашқы кезеңде өңделген өнімнен 13 мың тонна жеміс-жидек пен көкөніс концентраты, пюре және паста өндіріліп, толық көлемде Түркия нарығына экспортталады.

Жобаның екінші кезеңінде алма қалдығынан пектин өндіру жоспарланған. Бұл өнім түрі әлемде жоғары сұранысқа ие болғанымен, негізінен Германия, Қытай және АҚШ сияқты елдерде ғана кең дамыған. Жоба аясында жылына 1000 тонна пектин және 3000 тонна алма талшығын өндіру көзделіп отыр. Бұл өнімдер Корея мен Жапонияға экспортталады.

Жобаға Түркияның «Göknur Gıda» компаниясы серіктес ретінде қатысуда. Сонымен қатар қаржыландыруға Қазақстанның даму институттары – Бәйтерек холдингі, Қазақстанның Даму Банкі және «Даму» қоры қолдау көрсеткен.

Салтанатты ашылу рәсіміне Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысты. Ол өңірдің тарихи аграрлық әлеуетіне тоқталып, жаңа өндірістің ауыл шаруашылығын терең өңдеуге көшу жолындағы маңызды қадам екенін атап өтті.

– Бұл жоба жергілікті шаруалар үшін тұрақты нарық қалыптастырып, экспорттық бағытты кеңейтеді. Сонымен қатар өңір экономикасын шикізаттық модельден өңдеуші өнеркәсіпке көшіруге ықпал етеді, – деді аймақ басшысы.

Кәсіпорын басшылығының айтуынша, өндіріс толық іске қосылғаннан кейін өңірде 100-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылады. Болашақта бұл көрсеткіш бірнеше есеге артуы мүмкін.

Компания өкілдері жобаны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған шикізаттық емес экономиканы дамыту және экспорттық әлеуетті күшейту саясатының нақты көрінісі ретінде сипаттады.

Жоба аясында толық циклді агроөнеркәсіптік кластер қалыптастыру көзделген. Оған жеміс қабылдау орталықтары, сақтау қоймалары, цифрлық басқару жүйелері және кадр даярлау академиясы кіреді.

Мамандардың айтуынша, бұл бастама Алматы облысының ғана емес, жалпы Қазақстанның агроөнеркәсіп саласындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етпек.