Атырау облысы алдағы жылдары электр энергиясын өндіру көлемін едәуір ұлғайтуды көздеп отыр. Өңірде 2034 жылға дейінгі энергетиканы дамыту жоспары әзірленіп, жалпы қуаты 1 290 МВт болатын бес ірі жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бұл бастамалар электр энергиясына деген сұраныстың артуын қамтамасыз етіп, облыстың энергетикалық дербестігін нығайтуға бағытталған.
Жаңа өндіріс орындарының ашылуы мен өнеркәсіптік жобалардың көбеюі өңірде электр энергиясын тұтыну көлемін арттырып келеді. Қазіргі уақытта облыстың өзінде өндірілетін электр қуаты 1 266 МВт-ты құрайды. Алайда жаз мезгілінде тұтыну қажеттілігін өтеу үшін көршілес энергетикалық тораптардан қосымша 220–270 МВт электр энергиясы алынады. Бұл жағдай жаңа генерация көздерін іске қосу қажеттігін көрсетеді.
Облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Айдулат Кенжебековтің мәліметінше, 2030 жылға дейін өңірде бес энергетикалық нысан пайдалануға берілуі тиіс. Олардың қатарында «Sterna Power» және «Hualin Energy Ltd» компанияларының әрқайсысы 250 МВт қуат өндіретін бу-газ қондырғылары бар. Бұдан бөлек, Атырау жылу электр орталығын 210 МВт-қа кеңейту, «KUS» компаниясының қуаты 330 МВт бу-газ электр станциясын және «Батыс Каспий Энерго» компаниясының 250 МВт жел электр станциясын салу көзделген.
Энергетикалық әлеуетті арттырумен қатар, электр қуатын жеткізетін желілерді жаңғырту да маңызды бағыттардың бірі болып отыр. Осы мақсатта «KEGOC» АҚ-мен бірлесіп, ұзындығы 604,3 шақырым болатын 500 кВ электр беру желісінің құрылысы жүргізілуде. Аталған жоба Батыс Қазақстан өңірін елдің Біртұтас электр энергетикалық жүйесіне қосуға мүмкіндік береді. Құрылыс жұмыстарын 2027 жылы аяқтау жоспарланған.
Өңірдегі тағы бір өзекті мәселе – Құрманғазы ауданының Азғыр өңіріндегі елді мекендерді тұрақты электр қуатымен қамтамасыз ету. Қазіргі таңда тоғыз ауыл электр энергиясын Ресей аумағынан алып отыр. Бұл тәуелділікті азайту үшін жергілікті жерде газ-поршеньді электр станциясын салу немесе 205 шақырымдық 110 кВ жоғары вольтты желі тарту нұсқалары қарастырылуда.
Облыс әкімі Болат Ақшолақов энергетикалық жобаларды жүзеге асыру кезінде халықтың мүддесі ескерілуі керектігін атап өтті. Оның айтуынша, электр энергиясына деген сұраныс өскен сайын өндірістік қуаттарды алдын ала арттырып, жаңа нысандардың уақытылы іске қосылуын қамтамасыз ету қажет. Сонымен бірге электрмен жабдықтау сапасын жақсарту тарифтердің өсуіне қосымша себеп болмауы тиіс.
Жиында өңірдің 2024–2040 жылдарға арналған газ балансы да талқыланды. Облыс басшысы жауапты басқармаларға газ өндіру мен тұтынудың арақатынасын жан-жақты саралап, болашақтағы қажеттілікті анықтауды тапсырды. Сондай-ақ жергілікті газ өндірісін ұлғайтуға бағытталған инвестициялық жобаларды пысықтау міндеті қойылды.
Жалпы, Атырау облысында қолға алынған бастамалар электр энергиясын өндіруді көбейтумен шектелмейді. Жаңа генерация нысандары, магистральдық желілер мен газ инфрақұрылымын қатар дамыту арқылы өңірдің ұзақ мерзімді энергетикалық тұрақтылығын қамтамасыз ету көзделіп отыр. Алдағы кезеңде негізгі міндет – жоспарланған жобаларды белгіленген мерзімде жүзеге асырып, халық пен кәсіпорындарды үздіксіз энергиямен қамту.