Түркиялық инвесторлар жаңа сусын зауытының құрылысын бастады

0 1

Жуырда Ақтөбе қаласында өңдеу өнеркәсібі саласындағы ірі инвестициялық жобаның іргетасы қаланды. Тәтті және алкогольсіз сусындар өндіретін жаңа зауыттың құрылысы ресми түрде басталып, кәсіпорынның келесі жылы іске қосылуы жоспарланып отыр.

Жобаны түркиялық Anadolu Group компаниясы жүзеге асыруда. Бұл өндіріс алаңы Қазақстандағы осындай бағыттағы төртінші зауыт болмақ. Бұған дейін Алматы, Астана және Шымкент қалаларында ұқсас өндірістік нысандар жұмысын бастаған.

Салтанатты рәсім барысында Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімов өңір үшін жобаның стратегиялық маңызын атап өтті. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет өңдеу өнеркәсібін дамыту мен инвестиция тартудың экономикалық өсімдегі рөлін ерекше атап өткен.

–  Бұл жоба өңірлік деңгейде индустриялық саясаттың нақты жүзеге асуының көрінісі. Инвесторлардың Ақтөбе облысына деген сенімі – үлкен жауапкершілік әрі жаңа мүмкіндіктердің бастауы. Кәсіпорын іске қосылған соң, ол жұмыс орындарын көбейтіп, өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға үлес қосады, – деді ол.

Жоба мемлекеттік деңгейде инвестициялық бастамаларды сүйемелдейтін Kazakh Invest қолдауымен жүзеге асырылуда. Бұған дейін келісімдер халықаралық инвестициялық форумдар мен бизнесдиалог алаңдарында бекітілген.

Жаңа зауытқа тартылған инвестиция көлемі 41,8 миллиард теңгені құрайды. Жоспар бойынша кәсіпорын жылына 300 миллион литрге дейін алкогольсіз өнім шығарады. Сонымен қатар 120 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Coca-Cola İçecek Kazakhstan компаниясының бас директоры Вели Динчель жобаның тек өндірістік нысан емес, өңірдің дамуына серпін беретін маңызды бастама екенін айтты.

– Бұл тек зауыт емес, жаңа мүмкіндіктер алаңы. Біз заманауи технологияларды енгізіп, өндірістік қуатты арттыру арқылы Қазақстанның индустриялық дамуына үлес қосамыз, – деді ол.

Сарапшылардың пікірінше, Ақтөбе облысы инвестиция тартуға қолайлы өңірлердің бірі ретінде қалыптасып келеді. Мұнда өнеркәсіптік инфрақұрылымды дамыту және бизнеске жағдай жасау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Greenfield қағидаты бойынша салынатын жаңа өндіріс орны толықтай заманауи технологияларға негізделмек. Рәсімге мемлекеттік органдар өкілдері, инвесторлар және халықаралық серіктестер қатысты.

Айта кетейік, Coca-Cola İçecek Kazakhstan компаниясы Қазақстан нарығында 1994 жылдан бері қызмет етіп келеді.