Құрылтай депутаттары мен Үкімет мүшелері Жетісу облысына жұмыс сапарымен барып, түрлі сала өкілдерімен және жергілікті тұрғындармен бірқатар кездесу өткізді. Басқосулар барысында әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, кәсіпкерлікті қолдау, инклюзивті орта қалыптастыру, білім беру сапасын арттыру және халықтың тұрмыс деңгейін жақсарту мәселелері көтерілді.
Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған басым бағыттарды түсіндіруге арналған кездесулер Талдықорған қаласындағы бірнеше алаңда ұйымдастырылды. Достық үйі мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында өткен жиындарға Құрылтай депутаты Екатерина Смолякова, Қазақстан Халық Кеңесінің өкілі Қайрат Кереев, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепова, Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков, қоғамдық ұйымдар мен іскер әйелдер қауымдастығының өкілдері қатысты.
Достық үйіндегі кездесуде өңірдің әлеуметтік дамуына қатысты мәселелер кеңінен сөз болды. Қатысушылар ауыл шаруашылығын өркендету, әлеуметтік нысандарды жаңарту және тұрғындарды толғандырған сауалдарды талқылады. Екатерина Смолякова алдағы Жалпыұлттық құрылыс жылын жаңа ғимараттар тұрғызумен ғана шектемей, қолданыстағы әлеуметтік инфрақұрылымның сапасын жақсартуға да бағыттау қажеттігін жеткізді.
Ал кәсіпкерлер палатасындағы басқосу іскер әйелдердің бастамалары мен бизнес саласындағы кедергілерге арналды. Кәсіпкер әйелдер мемлекеттік сатып алуға қатысу мүмкіндіктерін кеңейту, жеңілдетілген қаржыландыруға қол жеткізу және әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту жөнінде ұсыныстарын ортаға салды. Кездесу барысында шағын және орта бизнесті қолдаудың тиімді тетіктерін жетілдіру мәселесі де назардан тыс қалмады.
Сапар бағдарламасында инклюзивті қоғам қалыптастыру тақырыбына да ерекше орын берілді. Паралимпиадашылармен кездесуде мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы орта қалыптастыру, спортпен айналысуға жағдай жасау және қажетті әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру мәселелері көтерілді. Екатерина Смолякова елімізде ерекше қолдауды қажет ететін 240 мыңға жуық бала бар екенін атап өтіп, оларды медициналық, психологиялық-педагогикалық және оңалту қызметтерімен уақытылы қамтудың маңызын айтты. Осы бағытта балаларға кешенді қолдау көрсетуге арналған заң жобасы әзірленіп жатыр. Сонымен қатар ерте диагностика жүйесін жетілдіру, қызметтерді цифрландыру және ымдау тілі мамандарының тапшылығын азайту мәселелері талқыланды.
Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков паралимпиадалық спортты мемлекеттік қолдау жалғасатынын мәлімдеді. Спортшыларды халықаралық жарыстарға дайындау, қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету, жүлдегерлерді ынталандыру және оларды сүйемелдейтін мамандардың шығындарын өтеу бағытындағы шаралар қарастырылған.
Бұдан бөлек, Талдықорғандағы Тіл сарайында облыстық Қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесу ұйымдастырылды. Онда Жолдауда белгіленген міндеттердің өңірде жүзеге асырылуы, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту жолдары сөз болды. Қатысушылар өз ұсыныстарын білдіріп, аймақтың дамуына қатысты мәселелерді ортаға салды.
Жұмыс сапары аясында депутат Наурыз Сайлаубай мен Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Руфина Усанова «Қайнар АКБ» зауытының еңбек ұжымымен жүздесті. Жүз адам қатысқан кездесуде қонақтар кәсіпорынның өндірістік жұмысымен танысып, қызметкерлермен пікір алмасты. Ал Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында аға буын өкілдерінің әлеуметтік жағдайы, бос уақытын тиімді ұйымдастыру және қоғамдық өмірге араласуына мүмкіндік жасау мәселелері талқыланды.
Сапардың білім беру саласына арналған бөлігінде Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің ұжымымен кездесу өтті. Мұнда жоғары білім сапасы, еңбек нарығына қажетті мамандар даярлау, ғылыми әлеуетті дамыту және оқу орнының аймақ экономикасындағы орны жөнінде пікір алмасылды. Университет пен жұмыс берушілер арасындағы байланысты нығайту мәселесіне де назар аударылды.
Өңірлік сапардың қорытынды кезеңінде Құрылтай және Үкімет өкілдері Көксу мен Ескелді аудандарына барып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Ауыл халқының ұсыныстары мен өзекті мәселелері тыңдалып, мемлекеттік бағдарламалар мен алдағы міндеттер жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Жалпы, жұмыс сапары Жетісу облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мәселелерді түрлі сала өкілдерімен тікелей талқылауға мүмкіндік берді. Кездесулерде көтерілген ұсыныстар өңірдегі мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын нақты қажеттіліктермен ұштастыруға бағытталған.