Ақтау мен Қызылорда арасында әуе қатынасы ашылды

0 1

Еліміздің өңіраралық көлік қатынасын дамыту бағытындағы маңызды жобалардың бірі жүзеге асып, «Ақтау – Қызылорда – Ақтау» бағыты бойынша жаңа әуе рейсі іске қосылды. Бұл бастама екі өңір арасындағы қатынасты жеңілдетіп қана қоймай, туризмнің, кәсіпкерліктің және іскерлік байланыстардың дамуына жаңа серпін бермек.

Жаңа бағыт бойынша алғашқы рейсті «SCAT» әуе компаниясы орындады. Қызылорда әуежайына алғашқы ұшақпен 146 жолаушы келсе, дәл осындай жолаушы кері бағытта Ақтау қаласына аттанды. Әуе рейсінің ашылуы тұрғындар тарапынан үлкен қызығушылық тудырып отыр.

Алғашқы рейсті қарсы алу рәсімі әуежайда ерекше салтанатпен өтті. Дәстүрге сай әуе кемесі су аркасы арқылы қарсы алынып, жаңа бағыттың іске қосылуы маңызды оқиға ретінде атап өтілді. Бұл жоба Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Машбекұлының қолдауымен жүзеге асқан.

Жаңа әуе қатынасы «Boeing» әуе кемесі арқылы аптасына екі рет – сәрсенбі және сенбі күндері орындалады. Ұшақ Ақтау қаласынан Қызылордаға сағат 16:00-де қонып, бір сағаттан кейін, яғни сағат 17:00-де қайта ұшады. Жолаушылар үшін тағы бір тиімділігі – билет бағасының қолжетімді болуы. Бір бағыттағы жол жүру құны 25 мың теңге көлемінде белгіленген.

Мамандардың пікірінше, жаңа рейстің ашылуы тұрғындардың жол жүру мүмкіндігін кеңейтіп, уақытты үнемдеуге жағдай жасайды. Бұған дейін екі өңір арасында қатынау үшін бірнеше көлік түрін ауыстыруға немесе ұзақ жол жүруге тура келетін. Енді бұл мәселе оң шешімін тауып отыр.

Сонымен қатар жаңа бағыт Қызылорда мен Маңғыстау облыстары арасындағы туристік және экономикалық байланыстарды нығайтуға мүмкіндік береді. Ақтау – Каспий теңізінің жағалауындағы ірі туристік орталықтардың бірі болса, Қызылорда өңірі тарихи-мәдени мұраларымен және өндірістік әлеуетімен ерекшеленеді. Сондықтан әуе қатынасының іске қосылуы екі аймақтың өзара ынтымақтастығын арттыруға ықпал етпек.

Көлік инфрақұрылымын дамыту және өңірлер арасындағы байланысты күшейту – ел экономикасының тұрақты дамуының маңызды факторларының бірі. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа әуе рейсінің ашылуы тұрғындарға қолайлы жағдай жасап қана қоймай, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға да қызмет етеді.