Медицина қызметкерлері күні қарсаңында Алматы облысында ақ халатты абзал жандарға құрмет көрсетіліп, денсаулық сақтау саласының үздік мамандары марапатталды. Сонымен қатар өңірдегі жедел медициналық көмек қызметінің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында жаңа санитарлық автокөліктер табысталды.
Іле ауданында өткен салтанатты жиынға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысып, медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады. Аймақ басшысы дәрігерлер мен орта буын медицина мамандарының халық денсаулығын сақтау жолындағы ерен еңбегіне тоқталып, олардың қоғамдағы орны ерекше екенін атап өтті.
Соңғы жылдары Алматы облысында денсаулық сақтау саласын дамытуға айрықша көңіл бөлініп келеді. Атап айтқанда, өткен жылы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жалпы құны 8,3 миллиард теңгені құрайтын 38 медициналық нысан пайдалануға берілді. Оның қатарында дәрігерлік амбулаториялар, фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункттер бар.
Сонымен бірге медициналық мекемелердің материалдық-техникалық әлеуетін арттыру мақсатында 6 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп, жүздеген заманауи медициналық құрал-жабдық сатып алынған. Соның нәтижесінде өңірдегі денсаулық сақтау ұйымдарының жабдықталу деңгейі айтарлықтай жақсарды.
Мерекелік жиында сөз сөйлеген облыс әкімі денсаулық сақтау саласындағы оң көрсеткіштерге тоқталып өтті.
– Халық денсаулығын қорғау жолындағы еңбектеріңіз зор құрметке лайық. Сіздердің кәсібиліктеріңіз бен жауапкершіліктеріңіздің арқасында өңірдегі медициналық қызмет сапасы жақсарып келеді. Өмір сүру ұзақтығы артып, ана мен бала денсаулығына қатысты көрсеткіштер оң нәтижеге қол жеткізуде. Бұл – сала мамандарының табанды еңбегінің жемісі, – деді Марат Сұлтанғазиев.
Салтанатты іс-шара барысында денсаулық сақтау жүйесінде ұзақ жылдар бойы абыройлы еңбек етіп жүрген бірқатар мамандар мемлекеттік және ведомстволық марапаттарға ие болды. Олардың қатарында «Құрмет» орденімен наградталған тәжірибелі дәрігерлер де бар. Сонымен бірге Денсаулық сақтау министрлігінің төсбелгілері, Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары табысталды.
Бұдан бөлек, «Үздік ауыл дәрігері», «Үздік стационар дәрігері», «Үздік денсаулық сақтау менеджері», «Үздік жедел медициналық көмек дәрігері» сынды бірнеше аталым бойынша үздік мамандар анықталып, арнайы марапатталды.
Мерекелік іс-шара аясында облыстық жедел медициналық жәрдем қызметінің автопаркі жаңа техникалармен толықты. Сала мамандарына заманауи медициналық құралдармен жабдықталған 70 санитарлық автокөліктің кілті табыс етілді. Оның ішінде реанимациялық қызмет көрсетуге арналған арнайы көліктер де бар.
Жалпы биыл Алматы облысының медицина ұйымдарына 90 жаңа жедел жәрдем көлігі берілген. Бұл тұрғындарға көрсетілетін шұғыл медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Ақ халатты абзал жандарға құрмет көрсетілген мерекелік басқосу мәдени бағдарламаға ұласып, медицина қызметкерлеріне көтеріңкі көңіл күй сыйлады.