Жастардың құқықтық мәдениетін арттыру және олардың Ата Заңға деген құрметін қалыптастыру мақсатында Ақмола облысы прокуратурасының ұйымдастыруымен «Құқықтық тәртіп әліппесі» атты профилактикалық акциясы өтті. Ақмола облысының Жастар ресурстық орталығымен бірлесе өткізілген ашық есік күні форматындағы іс-шараға Полиция департаменті, Төтенше жағдайлар департаменті және Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өкілдері қатысты.
Акция аясында «Жасыл» ел жасағы мен Көкшетау қаласының еріктілеріне үшін тақырыптық алаңдар ұйымдастырылып, онда арнайы техника, авариялық-құтқару құралдары, криминалистикалық жабдықтар таныстырылды. Сондай-ақ әрбір қызметтің ерекшелігі, күнделікті атқаратын міндеттері мен мамандыққа қойылатын талаптар туралы жан-жақты ақпарат берілді.
Акцияға қатысушылар іс-шара барысында танымдарын арттырып, заманауи техникамен танысуға және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында қызмет ететін мамандармен тікелей сұхбаттасуға мүмкіндік алды.