Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов «Samal Town» тұрғын үй кешеніне арнайы барып, тұрғындарды ұзақ уақыттан бері алаңдатып келе жатқан кәріз жүйесінің жай-күйімен танысты. Тексеру барысында кешен аумағында жиі орын алатын апатты жағдайлар салдарынан тұрғын үйлердің жертөлелері мен айналасы кәріз суына толып, санитарлық-экологиялық мәселелердің туындап отырғаны айтылды.
Мамандардың мәліметінше, аталған тұрғын үй кешенінде кәріз жүйесіндегі ақаулар ай сайын бірнеше мәрте қайталанады. Бұл тұрғындардың күнделікті тұрмысына қолайсыздық туғызып қана қоймай, инженерлік инфрақұрылымның сенімділігіне қатысты өзекті мәселелерді де алға шығарып отыр.
«Атырау облысы Су Арнасы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының басшысы Мейірім Қалауидің айтуынша, мұндай апатты жағдайлар орта есеппен айына 3–4 рет тіркеледі. Оның сөзінше, тұрғын үй пайдалануға берілгеннен кейін инженерлік желілер мүлік иелері бірлестігінің балансына өткен. Алайда қолданыстағы кәріз сорғылары жүйеге түсетін жүктемені толық көтере алмай отыр.
Сонымен қатар, кәріз құбырларының жобалық еңістерінің сақталмауы өздігінен ағатын жүйенің қалыпты жұмысын қиындатып, сарқынды сулардың дер кезінде ағуына кедергі келтіруде. Соның салдарынан жүйе жиі істен шығып, апатты жағдайлар орын алады.
Мәселе тек «Samal Town» тұрғын үй кешенімен ғана шектелмейді. Мамандар жүргізген алдын ала зерделеу нәтижесінде қаладағы тағы 17 тұрғын үй кешенінің инженерлік желілерінде осыған ұқсас түйткілдердің бар екені анықталған.
Кәсіпорын өкілдері жағдайды тұрақтандыру үшін бірқатар нақты ұсыныс айтты. Атап айтқанда, қолданыстағы сорғыларды қуаты жоғары жабдықтарға ауыстыру, кәріз желілерінің жобалық еңістерін қалпына келтіру және тұрғын үй кешендерінің кәріз сорғы станцияларын «Атырау облысы Су Арнасы» КМК балансына қабылдау қажет екені айтылды. Мамандардың пікірінше, бұл шаралар инженерлік жүйелердің сенімділігін арттырып, апатты жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Нысанды аралау қорытындысы бойынша облыс әкімі Болат Ақшолақов жауапты мемлекеттік органдар мен коммуналдық кәсіпорындарға қаладағы барлық проблемалы тұрғын үй кешеніне жан-жақты техникалық талдау жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар әрбір нысан бойынша орындалатын жұмыстардың нақты мерзімдері, жауапты мекемелері мен қаржыландыру көздері көрсетілетін Жол картасын әзірлеу міндеттелді.
Өңір басшысы құрылыс компанияларының жауапкершілігіне де ерекше тоқталды. Оның айтуынша, тұрғын үй салған мердігер ұйымдар бұрын пайдалануға тапсырылған нысандардағы анықталған кемшіліктерді жоюға міндетті. Сондай-ақ инженерлік желілерді кезең-кезеңімен «Атырау облысы Су Арнасы» КМК балансына өткізу мүмкіндігін қарастырып, кейін қажетті жөндеу және жаңғырту жұмыстарын жүргізу қажет.
– Өңірде тұрғын үй салып жатқан компанияларды бұған дейін тапсырған нысандардағы кемшіліктерді жоюға міндеттеу қажет. Қалған тұрғын үй кешендерінің инженерлік желілерін «Су Арнасының» балансына беріп, әрі қарай тиісті жөндеу жүргізу мәселесі зерделенуі тиіс. Жедел түрде осы 17 тұрғын үй кешенінің инженерлік инфрақұрылымы мәселелерін шешу бойынша Жол картасын әзірлеңіздер, – деді Болат Ақшолақов.
Жауапты мекемелердің мәліметінше, әзірленетін Жол картасы аясында әрбір тұрғын үй кешеніндегі инженерлік желілердің техникалық жағдайы сараланып, ақауларды жоюдың кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын жоспары дайындалады. Бұл жұмыстар қаладағы тұрғын үйлердің инженерлік инфрақұрылымының сенімділігін арттырып, тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз өмір сүру ортасын қалыптастыруға бағытталған.