Қостанай облысында алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары қарқын алды. Аймақ басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен облыс әкімдігі отырысында өңірдегі жылу көздері мен инженерлік инфрақұрылымның дайындығы, жөндеу науқанының орындалу барысы және жылыту маусымын тұрақты өткізуге бағытталған шаралар жан-жақты талқыланды.
Жиын барысында Мемлекет басшысының инфрақұрылымдық жобаларды сапалы жүзеге асыру және тұрғындарды үздіксіз коммуналдық қызметпен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларының орындалуына ерекше назар аударылды. Облыс әкімі жылыту маусымына дайындық – тек маусымдық жұмыс емес, тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлы тұрмысын қамтамасыз ететін маңызды міндет екенін атап өтті.
Өткен қыс өңір үшін тұрақты өтті. Мамандардың мәліметінше, жылыту маусымы ірі технологиялық апаттарсыз аяқталған. Соңғы жылдары инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған инвестициялардың нәтижесінде жылу желілеріндегі ақаулар айтарлықтай азайған.
Статистикаға сәйкес, 2022–2023 жылғы жылыту маусымында тіркелген 830 авария өткен маусымда 134-ке дейін қысқарған. Сонымен қатар, тұрғындардан түсетін шағымдар саны да едәуір төмендеп, 96-дан 20-ға дейін азайған. Бұл коммуналдық жүйелердің сенімділігі артып, көрсетілетін қызмет сапасының жақсарғанын көрсетеді.
Құмар Ақсақаловтың айтуынша, бұл көрсеткіштер жүйелі дайындық пен инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жаңғыртудың нәтижесі.
– Бұл – жылыту маусымына жүргізілген дайындық жұмыстарының нақты нәтижесі. Біз инженерлік инфрақұрылымды жақсартуға едәуір қаражат бөліп жатырмыз. Соның арқасында жылу желілеріндегі апаттар саны өткен жылыту маусымымен салыстырғанда 254-тен 134-ке дейін, яғни екі есеге төмендеді. Бұл – атқарылған жұмыстардың тиімділігін көрсететін нақты көрсеткіш, – деді облыс әкімі.
Отырыста облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы жылыту маусымына дайындықтың қазіргі ахуалы туралы баяндама жасады. Сондай-ақ Қостанай, Рудный және Арқалық қалаларының әкімдері мен Жітіқара ауданының әкімі өз аумақтарындағы жөндеу жұмыстарының орындалуы, қазандықтар мен жылу желілерінің дайындығы, отын қоры және әлеуметтік нысандардың қыс мезгіліне әзірлігі жөнінде есеп берді.
Жиында жылу көздерін жөндеу, магистральдық және ішкі орамдық жылу желілерін жаңарту, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды қысқы кезеңге дайындау жұмыстарының белгіленген кестеге сәйкес жүргізілуі қажеттігі атап өтілді. Сонымен бірге жөндеу жұмыстарының сапасы мен мерзімінің сақталуына ерекше көңіл бөлінді.
Аймақ басшысы барлық қала және аудан әкімдеріне дайындық жұмыстарын жеке бақылауда ұстауды тапсырды. Оның айтуынша, күзгі кезеңде энергетикалық нысандардың дайындық паспортын алу бойынша кемшіліктерге жол берілген жағдайда жауапты тұлғаларға қатаң шара қолданылады.
– Жылыту маусымына дайындықта салғырттыққа жол берілмеуі тиіс. Егер энергетикалық нысандар уақытында дайындық паспортын ала алмаса, бұл үшін тиісті әкімдер жеке жауап береді. Барлық жөндеу жұмыстары белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқталуы қажет, – деп тапсырды Құмар Ақсақалов.
Өңір басшылығы алдағы уақытта жылыту маусымына дайындық жұмыстарының барысын тұрақты бақылауда ұстап, барлық коммуналдық және энергетикалық кәсіпорындардың қысқы кезеңге толық дайын болуын қамтамасыз етуге ниетті. Бұл тұрғындарды үздіксіз жылумен қамтып, төтенше жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді.