Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев жұмыс сапарымен Жалағаш ауданында болып, салынып жатқан жаңа теміржол вокзалының құрылыс барысымен танысты. Сапарға облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеумбетов пен өңірдің бірқатар ардагер азаматтары қатысты.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес еліміз бойынша 124 теміржол вокзалы жаңғыртылып жатыр. Осы ауқымды жоба аясында Қызылорда облысындағы барлық вокзалдар мен бірқатар теміржол нысандары жаңарту жұмыстарына енгізілген.
Жалағаш кентіндегі жаңа вокзалдың құрылысы өткен жылы басталған. Жобаның жалпы құны 755,7 миллион теңгені құрайды. Қазіргі таңда жолаушылар алаңына төсеніш төсеу және шатыр жабу жұмыстары толық аяқталып, ғимараттың ішкі әрлеуі мен сыртқы қасбетін қаптау, аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Жаңа нысан пайдалануға берілгеннен кейін тұрғындар мен жолаушыларға қолайлы әрі сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік жасайды. Сонымен қатар ауданның көлік инфрақұрылымын жетілдіріп, Жалағаштың сәулеттік келбетін айшықтайтын маңызды нысандардың біріне айналмақ.
Құрылыс алаңында болған облыс әкімі жауапты мекемелерге жұмыстың сапасын қатаң бақылауда ұстап, нысанды белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.