Той тазалықпен түйінделді

0 1

Алматы облысында Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына арналған мерекелік жиындардың соңы экологиялық акциямен жалғасты. «Көкбастау» атшабары аумағындағы 10 гектардан астам жер мерейтойлық іс-шарадан кейін тазартылды.

«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған жұмысқа жастар, еріктілер және мерейтойға келген азаматтар белсенді қатысты. Бір күндік тазалық шарасына 500 адам тартылып, арнайы техника көмегімен аумақтан 7 тоннаға жуық қалдық шығарылды.

Мерекеге мыңдаған адамның жиналуы атшабар аумағында санитарлық инфрақұрылымды алдын ала күшейтуді қажет етті. Осыған байланысты іс-шара өтетін жерге 150 қоқыс жәшігі қойылып, келушілер үшін 80 биодәретхана орнатылды. Бұл ұйымдастырушылардың қоғамдық тәртіппен қатар, санитарлық талаптарға да мән бергенін көрсетті.

Экологиялық іс-шара кезінде аумақтың әр бөлігі тазартылып, жиналған қоқыс сұрыпталып, арнайы көліктерге тиелді. Жұмысқа үш қоқыс тасымалдаушы көлікпен бірге тазалау және абаттандыруға арналған қосымша техника жұмылдырылды. Жалпы тазалық жұмыстары 10,65 гектар аумақты қамтыды. Нәтижесінде мерекелік шара өткен орын тұрмыстық қалдықтан тазартылып, келесі пайдалануға дайын күйге келтірілді.

Экологиялық бастаманың мәні тек мерекеден кейінгі тазалықпен шектелмейді. Қоғамдық орындарды таза ұстау, табиғи аумақтарға ұқыпты қарау және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру – бағдарламаның негізгі бағыттарының бірі.

Алматы облысында «Таза Қазақстан» аясындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Бұл жолғы акцияның ерекшелігі – ұлттық мәдени мұраны ұлықтаған ірі шараның экологиялық жауапкершілікпен сабақтасуында.

Жамбыл Жабаевтың мерейтойы көпшілікке рухани мереке сыйласа, одан кейінгі тазалық жұмыстары туған жерге жанашырлықтың нақты іс арқылы көрінетінін аңғартты.