Зағип жандарға қызмет еткен кітапхана

0 3

Қоғамда сан түрлі адамдар, сан түрлі тағдыр иелері бар. Мұқтаж жандарға мемлекет тарапынан қамқорлық жасалып тұратыны қандай жақсы? Ондай мүмкіндік зағип жандарға да қарастырылған. Атап айтқанда, арнаулы кітапханалар жүйесінің тарихы Қазақ ССР Мәдениет Министрлігінің «Республикада көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы кітапханалар ашу туралы» 1969 жылғы ақпан айының 12 жұлдызында № 29 бұйрығынан басталады. Қазақ ССР Мәдениет Министрлігінің бұйрығына байланысты 1969 жылы республика аумағында 14 арнаулы кітапхана ашылыпты.

Осы бұйрыққа сәйкес, Жамбыл облыстык көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы Жамбыл облыстық депутаттар советі атқару комитетінің шешімімен: 1969 жылы қараша айында Тараз қаласынан ашылыпты. Сол үшін Шу қаласындағы арнайы кітапхана қысқартылған.  Бұл да – тарих. Биыл кітапханамыздың ашылғанына 55 жыл толып отыр.

 Кітапхана оқырмандардың рухани талап-тілегін қанағаттандырумен қатар, әлемдік, ұлттық, әмбебап ақпарат көздерін толық жинақтап, оқырманға жеткізуші. Арнайы кітапхананың басқа кітапханалардан айырмашылығы оқырмандарға көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар; әр түрлі топтағы мүгедектер, алыс аудандарда тұратын зағип оқырмандарды кітаппен қамтамасыз ету қызметі бар. Штаттық кестеге сай 24 қызметкер жұмыс жасайтын осынау кітапханада ақпараттық-библиографиялық қамтамасыз ету, құжаттарды жинақтау, өңдеу, каталогтар ұйымдастыру, тифлология бөлімі, зағип пайдаланушыларға абономенттік қызмет көрсету секторы,оқырмандарға қызмет көрсету бөлімдерінің көпшілікке қызметі дайын.

 Қазіргі таңда барлық аудандағы орталық кітапхананың зағип оқырмандарға қызмет көрсету бөлімдерімен бірлесіп жұмыс атқарамыз. Біздегі 40000 кітап қорының   Мемлекеттік тілдегі әдебиеттер саны – 19192, нүктелі бедерлі қаріптегі әдебиеттер – 5347, дыбыстандырылған әдебиеттер – 6803, жайпақ баспалы әдебиеттер – 27767.  Сонымен қатар, нүктелі – бедерлі құралдар – 75, СD-Rom электронды басылым – 182.

Бүгінгідей ғылым мен техниканың қарыштап дамыған заманында да кітап, кітапхана өзінің құндылығын жоғалтпай, заманға сай жаңғырып оқырманмен біте қайнасып, қызметін жаңа жүйемен жалғастырып келеді. Бүгiнгi тaңдaғы қoғaмдық өзгерістер, қоғамның өркениеттік деңгейге көтерілуі, ашық ақпараттық кеңістікке өтуі кітапханалардың жаңа бағытта жұмыс істеуін талап етеді. Осыған сай, Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы дені сау оқырмандар мен көз мүмкіндігі шектеулі жандардың мәдени дамуына қосып келе жатқан үлесі зор. Инклюзия бағытында кітапханашылар жоспарға сай және жоспардан тыс өткізіліп жатқан ірі іс-шаралармен қатар бірнеше үлкен жобалық жұмыстар арқылы кітапханаға оқырман тартуда. Атап айтатын болсам,  «Book-FM», «IZI Travel», «Инклюзия және театр», «Тифло-Музей» жобаларын мәдениетпен ұштастырса, «Балалардан балаларға», «Кітапхана-TV» әдебиет, «Жүрек жарды», «KENES-time», «Тифло-асхана» әлеуметтік  саланы қамтып, «Қауіпсіздікті сақтайық» және «Үй тапсырмасы» жобалары өздігінен ақпаратқа қол жеткізу мүмкіндігі шектеулі жандардың кітапқа деген қызығушылығын оятып, әденбиет пен мәдениет қоғамда өз орнын тауып, кітапхана қызметін жандандырып қана қоймай, оның имиджін қалыптастыруға да негіз болады.

Сонымен қатар, кітапханашысының үздіксіз біліктілігін арттырып, заманауи әдіс-тәсілдер білім беру жүйесін жаңарту және дамыту ғана емес, кітапхана жұмысында қолдану арқылы оқырмандардың шығармашылық қабілеттерін арттырады. Кітапханашылардың тоқтаусыз ізденістерінің жемісі – оқырмандар халықаралық, республикалық, облыстық деңгейдегі байқауларда жүлделі орындарға ие болып, кітапханада өтетін кретивті іс-шараларға бірлесе ат салысуда. Өткізілген іс-шаралар республикалық және жергілікті мерзімді басылым беттерінде, телеарналар мен әлеуметтік желілерде жиі жарияларынып отырады. Осының нәтижесінде кітапхана халық депутаттарының назарына ілігіп, билік өкілдері тарапынан қолдау көрсету артуда. Мәселен, жергілікті бюджеттен кітапхана қорына ауқымды қаржы бөлініп, түрлі саладағы кітаптармен толықты.

Көз мүмкіндігі шектеулі жандардың бос уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында жергілікті ақын-жазушылардың шығармалары Брайль жүйесіне аударып нүктелі бедерлі кітаптармен қамтамасыз етуде, сонымен қатар ХХI ғасыр ақпараттандыру кезеңінде оқулықтар, аудио-бейне жазбалар басқа да басылымдар электронды форматта жүргізілуде. Тоқтала кетейін, «Зағип балаларға – жаңа цифрлық технологиялар» жобасы аясында облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған кітапхананың тифлология бөлімінің кітапханашысы Ербол Бегимов №2 арнаулы «Болашақ» мектеп – интернатының оқушыларына компьютер және сенсорлық телефондарда еркін жұмыс істеу әдісі бойынша сабақтар жүргізді. Аталған сабақтар нәтижесінде тұрақты қатысып, толық курстан өткен белсенді 22 оқушыға UNICEF Халықаралық балалар құқығын қорғау ұйымы және «ЖАН», «АЗИЯ мүгедектер қоғамы» Қоғамдық Бірлестігінің сертификаттары табыс етілді. «Инклюзия және театр» жобасы аясында Жамбыл облысы әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен, Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығының ұйымдастыруымен  Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның әдеби мұраларын насихаттау, тану бағытында «Шыңдағы шынар – Шерхан Мұртаза» атты драма үйірмелері фестивальінде «Интернат наны» атты әңгімесін сахналап, нәтижесінде үздік қойылым ретінде танылып «Қызыл жебе» номинациясымен және «Үздік басты роль» атты дипломдарымен марапатталды.

2025 жылы 83 ірі іс-шараның 50 пайыздан астамы аталған мектеп-интернатының оқушыларымен өткізілді. Осындай іс-шаралар өткізу арқылы зағип балаларды қоғамға араластырып, біліммен нәрлендіріп, мәдени ой-өрісін дамыту жұмыстарына ат салысуда.

Кітапханамызды Жанна Тұрарқызы үлкен іскерлікпен, жоғары ұйымдастырушылықпен басқарып келеді. Биыл өңіріміздегі ақын-жазушылардың шығрамаларын өз дауысында оқытып, алтын қорға сақтап қалу іс-шарасын ұйымдастырдық. Бұл – жергілкті ақын жазушыларға да жаңа мүмкіндік.

Жаhандану заманында кітапхана жұмысында жаңа технологияларды қолдану – кітапхана саласын дамытып, оқырман қатарын толықтыруға септігін тигізері мәлім. Сондықтан да, заман талабына сай кітапхана қызметкерлері де жаңа белестерден көрінуге тиіс. Болашақта облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған жаңа технологиямен жабдықталған заманауи кітапхана бой көтерер болса, бәсекеге қабілетті азаматтар мен азаматшалардың қатары көбейері хақ.

Ал өркениетке жетелейтін жалғыз – кітап пен кітапхана екенін ұмытпайық!