Қоғамның дамуы ең алдымен оның әрбір мүшесіне жасалған жағдаймен өлшенеді. Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өмір сүру сапасы мен қоғамдық ортаға еркін араласуына жасалған мүмкіндік – өркениетті елдің басты көрсеткіштерінің бірі. Өкінішке қарай, бүгінде мүгедектігі бар азаматтар күнделікті өмірде түрлі кедергілерге тап болып жатады.
Ең алдымен ерекше жандарды толғандыратын мәселенің бірі – мүгедектікті қайта куәландыру рәсімі. Қолданыстағы тәртіп бойынша көптеген азаматтар жыл сайын немесе екі жыл сайын медициналық-әлеуметтік сараптамадан өтуге міндетті. Бұл – мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік қолдау шараларын рәсімдеу үшін қажет талап болғанымен, денсаулығы шектеулі азаматтарға қосымша ауыртпалық жүктейтіні жасырын емес.
Мүгедектігі бар адам қайта куәландырудан өту үшін түрлі медициналық анықтамалар жинап, дәрігерлердің қабылдауына жазылып, бірнеше мекемені аралауға мәжбүр болады. Жүріп-тұрудың өзі қиын азаматтар үшін мұндай рәсімдердің күрделілігі айтарлықтай қолайсыздық туғызады. Сондықтан бұл бағыттағы талаптарды жеңілдету, құжаттандыру үдерісін цифрландыру және тұрақты диагнозы бар азаматтарға қатысты рәсімдерді оңтайландыру – уақыт талабы.
Тағы бір өзекті мәселе – қолжетімді орта қалыптастыру. Қоғамдық орындарда, мекемелерде және тұрғын үйлерде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қажетті жағдайлар әлі де толық жасалмаған. Көптеген ғимараттарда талапқа сай пандус, лифт немесе арнайы санитарлық тораптар жоқ. Кейде қарапайым есіктің өзі арбамен қозғалатын адам үшін үлкен кедергіге айналады.
Қоғамдық көліктерде де осыған ұқсас мәселелер кездеседі. Құжат жүзінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға бейімделген деп саналатын кейбір автобустардағы арнайы құрылғылардың жұмыс істемейтіні немесе қолданысқа жарамсыз екені жиі айтылып жүр. Нәтижесінде ерекше қажеттілігі бар азаматтардың қала ішінде еркін қозғалуына кедергі келтіретін жағдайлар сақталып отыр.
Білім алу мен жұмысқа орналасу мәселесі де назардан тыс қалмауы тиіс. Ерекше жандардың арасында білім алып, мамандық игеруге, еңбек етуге ынталы азаматтар аз емес. Алайда білім беру ұйымдарының бәрінде бірдей инклюзивті орта қалыптаспаған. Кейбір студенттер оқу ғимараттарының қолайсыздығына байланысты білімін жалғастырудан бас тартуға мәжбүр болады.
Әсіресе аудиториялардың әр қабатта орналасуы, арнайы лифттердің болмауы немесе санитарлық талаптардың сақталмауы мүмкіндігі шектеулі студенттердің толыққанды білім алуына кедергі келтіреді. Соның салдарынан кейбір жастар жоғары білім алуға деген құлшынысын жоғалтады.
Соған қарамастан, бүгінде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың арасында түрлі салада табысқа жетіп жүрген жандар аз емес. Олар спортта, мәдениетте, кәсіпкерлікте, мемлекеттік қызметте және қоғамдық жұмыстарда өз мүмкіндіктерін дәлелдеп келеді. Бұл олардың ерік-жігерінің мықтылығын ғана емес, қоғамның қолдауына деген қажеттілікті де көрсетеді.
Әрине, әлі де болса өз ерекшелігінен қысылып, қоғамдық ортадан алшақ өмір сүретін азаматтар бар. Олардың бұлайша шеттелуіне көбіне қоршаған ортадағы кедергілер мен түсіністіктің жетіспеуі әсер етеді. Сондықтан қоғам болып мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өмірге белсенді араласуына жағдай жасау – ортақ міндет.
Шектеусіз орта қалыптастыру тек ерекше жандар үшін ғана емес, барша азамат үшін қолайлы қоғам құру деген сөз. Әрбір пандус, әрбір бейімделген қоғамдық көлік, әрбір қолжетімді білім беру мекемесі – тең мүмкіндіктер қағидатын жүзеге асырудың нақты көрінісі.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жанашырлық таныту жеткіліксіз. Ең бастысы – олардың қоғамның толыққанды мүшесі ретінде еркін өмір сүруіне жағдай жасау. Сонда ғана біз шын мәнінде әділетті әрі инклюзивті қоғам қалыптастыра аламыз.