Туған еліме тағзым

0 9

«Достық» үйінде Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы, мемлекеттік қызметтің ардагері Жақсыбек Алиннің «Туған еліме тағзым» атты кітабының тұсаукесері өтті.

Бұл кітапта Жақсыбек Тілеуғабылұлы сынаптай сырғып өткен қызықты да тәтті естеліктерге толы балалық шағы мен студенттік уақыт, Краснокутск ауданына (қазіргі Ақтоғай) келген жас маманның алғашқы еңбек жолын бастаған кезін ерекше еске алады. Кейіпкердің туған жерінде аса жауапты да күрделі басқару қызметіндегі табысты азаматтық жолы дәл осы жылдары басталған еді. Басты кейіпкердің жеке өмір жолымен қатар, ата-тегінің үлгілі отбасын құрып, дәстүрлі тәлім-тәрбиесінің арқасында өсіп-өнген салиқалы ұрпақтың бүгінгі сабақтастығы қамтылған.

Жақсыбек Алин негізі ұстаздық мамандықты таңдайды. Кейін оқуды аяқтаған соң, университет басшылығы оны қызметке шақырады. Дегенмен, туған жерге деген азаматтық парызын орындау мақсатында Ақтоғайға оралып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып зейнеткерлік жасқа дейін мемлекеттік салада қызмет етеді.

– Мемлекеттік салада 46 жыл қызмет атқардым. Оның ішінде ұстаздық, комсомол, партия, шаруашылық қызметтерде еңбек еттім. 1990 жылдары Ақтоғай ауданының әкімі болған Әбілхақ Түгелбаев «Шідерті» совхозына қызметке шақырды. Ол жерде үш жыл қызмет істедім. 1996 жылдан 2009 жылға дейін Қожамжар елді мекенінің әкімі болдым. Ол уақыт қиын-қыстау кезеңдердің бірі еді. Жұмыссыздық деңгейі өсіп, зейнетақы, еңбекақы берілмеді. Тіпті, жарық та болмады. Тұрғындардың ұйымшылдығының және мемлекеттік салада еңбек еткен азаматтардың көмегінің нәтижесінде ол кезеңді аман-есен өткердік. Түйткілді мәселелердің шешімін таба алдық.

Еңбекті жазудағы мақсатым – мемлекеттік саланы таңдаған жас буынға азды-көпті еңбек еткен сала жөнінде ақыл-кеңес беру. Одан бөлек, жинақта қазақ ауылының кешегісі мен бүгіні және бір әулеттің өмірі жазылған, – дейді автор.